×

Ағаштарды заңсыз кесу бойынша 100 қылмыстық іс қозғалды

Әкімшілік жауапкершілікке 119 адам тартылды

 Динара Амантай 16.11.2023 | 11:35
Фото: polisia.kz

Жыл басынан бері ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау бойынша 100-ге жуық қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, әкімшілік жауапкершілікке 119 адам тартылып, 9,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Заңсыз кесілген 600 текше метрден астам ағаш тәркіленді.

Ағаштарды заңсыз кесу фактілері көбіне Алматы, ШҚО және Абай облысында тіркелген.

Мысалы, Қызылордада сексеуілді заңсыз кесу фактілері тіркелді. Полицейлер Қызыл кітапқа енген ағаштарды тасымалдаған тұрғынды ұстады. Бұл факті бойынша «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Шығыс Қазақстан облысында 19 текше метр болатын балқарағай ағашын заңсыз кесу фактісі анықталды. Келтірілген залал сомасы 1,3 млн теңгеден асты.

Тағы бір мысал – жақында Жетісу облысында болған жағдай. Браконьерлер мыңға жуық кесілген ағашты сатпақ болған жерінде ұсталған. Аталған фактілерге қатысты «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейлер қомақты залал келтіру мен табиғи ресурстардың жойылуына байланысты осы бағыт бойынша қосымша күштер мен құралдарды тарта отырып, «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Операция барысында тәртіп сақшылары қоршаған ортаны қорғау органдарымен бірлесіп, ерекше қорғалатын аумақтарды, қорықтар мен ұлттық парктерді тексереді.

Еске сала кетсек, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. ӘҚБтК-нің 381-1-бабы бойынша санкция 50 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейінгі айыппұлды көздейді. Ал көп мөлшерде залал келтірілген кезде ҚР ҚК-нің 340-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады, ол 160 АЕК-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді, – деді ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Төлеубай Мұхамадиев.

ІІМ азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға және табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама