×

«Әйелін ұрған еркек өмірден жеңіліп өтеді» - Нұрлан имам

 Әйелдің қаруы — тіл, еркектің қаруы — жұдырық

 Халық үні 15.11.2023 | 19:33
фото: видеодан скриншот

Кейінгі кезде отбасылық кикілжің барысында ер-азаматтардың жарына қол жұмсауы жиілеп кетті. Мәселен, өткен жылдың өзінде ғана 70 әйел отбасылық жанжалдың құрбаны болса, таяуда ғана елордадағы мейрамханалардың бірінде жарының жұдырығынан жас келіншек көз жұмды. Қоғамда ушығып тұрған мәселеге байланысты Kazinform тілшісі Ырыскелді қажы атындағы мешіттің бас имамы Нұрлан имам Байжігітұлымен әңгімелесіп, бірқатар сауалға жауап алды. 

— Нұрлан Байжігітұлы, мінсіз қоғам жоқ. Сол қоғамның бөлшегі отбасында да ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керістің болып тұратыны жасырын емес. Дегенмен, кейінгі уақытта берекесі кеткен отбасылар саны артып бара жатыр. Мұның себебі неде?

— «Алдымен береке дегеніміз не, оны кім қалай түсініп жүр?» деген сауалға тоқталайық. Себебі, біреулер берекені байлық деп көріп, енді бірі береке еңбекте деп жүр. Шындап келгенде, береке — бұл Құдайдың рахымы. «Барлық амал ниетке байланысты» деген хадисті бәріміз естіген болармыз. Ғалымдардың бірі «Бұл хадис Исламның тең жартысын құрайды» десе, бірі «Осы хадиске ілімнің үштен бірі кіреді» дейді. Қалай десе де, кез келген адамның ниеті — алдағы өмірінің беташары. 

Мұны қалай түсінеміз? Мысалы, егер адам барлық амалын ізгі ниетпен бастап, жақсылықты қамтыған тірлігінен таймаса, оның берекесі артады. Ал, егер ниеті дұрыс болмаса, мың жерден еңбектенсе де ісінен береке таппайды. Нақтырақ түсіндірер болсам, адам барлық әрекетті «Алла разылығы үшін» деген ниетпен жасаса, Алла Тағала ол адамның жүрегіне тыныштық орнатып, тамағын тоқ, мал-мүлкін мол, отбасын көп, мінезін көркем, денсаулығын мықты, ғұмырын ұзақ, уақытын үнемді етіп, өмірін берекемен қоршап қояды. 

Ал, бүгінгі жас отбасыларында береке, ауызбіршілік жоқ. Неге? Өйткені, өмірлерінде Құдай жоқ, жүректерінде иман жоқ, көңілдерінде ұят жоқ. «Әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы» жоқ. Ең болмағанда ата-бабасының ізімен жүрсе де болар еді. Аспаннан өздері салбырап түскендей, Құдайдың жерін өздері жаратқандай, ұлы да, қызы да тайраңдап, дәстүрін сақтамаса, дініне берік болмаса, қашқан қиюдың себебін неден іздеуіміз керек? Қайықшы екі ескегінен айрылса, қандай күй кешер еді?! Сол сияқты, діні мен дәстүрін мүшкіл халге түсірген отбасылардан жақсы ештеңе күту бекершілік. 

Бірде «Береке, қайда барасың?» — десе, «Ынтымаққа барамын!» — деген екен. Сол сияқты, қазіргі қазақ қоғамын құрайтын кіші мемлекеттердің мүшесі болған қарапайым ғана күйеу мен әйелдің арасында екеуара ынтымақ жоқ. Ынтымақ болу үшін, бірлік керек. Бірлік бар жерде, тірлік бар, береке бар.

Күні кеше еліміздің төрінде болған сұмдық жағдайға дейін де қазақ қоғамының есеңгірегеніне бірнеше жыл болды. Осыдан бірер жыл бұрын әйелін балталаған оңтүстік азаматының тірлігі, ішінен шыққан балаларымен қоса биік қабаттан секіріп жатқан қазақ келіншектері, қаршадай ұл-қыздарымыздың зорлық-зомбылыққа күнара ұшырауы — бұл болашағымыздың балталанып жатқаны. Жалпы «Біз қандаймыз?» деген сұрақты өз-өзімізге қоюдың өзі ауыр болып барады. 

— Ислам дінінде күйеуіне мойынсұнбаған әйелді ұруға рұқсат берілген. «Ниса» сүресінің отыз төртінші аятында: «Әйелдеріңнің мойынсұнбауынан (күнә істеуінен) сезіктенсеңдер, алдымен, оларға ақыл айтыңдар. Кейін (ақыл айтқаннан нәтиже шықпаса,) олардан бөлек жатыңдар. Сонан кейін (сонда да қоймаса) ақырындап ұрыңдар» делінген. Осы «ақырындап ұрыңдар» дегенін тәпсірлеп беріңізші. 

— Дәл осы жерде «Әйелді ұруға рұқсат берілген» деген сөз көзді ұрып тұр. Бұл бүтіндей үлкен бір ақ қағазды емес, соған түсірілген кішкене нүктені көргенмен тең дүние. Осыны желеу етіп алған кейбір қызба ер-азаматтар өздерін шаршы алаңда жүргендей сезінеді. 

Еріне мойынсұнбаған әйелге қандай қарым-қатынас жасау керегін қадамдық, яғни орысша айтқанда «пошаговый» делінген мәмілені аяттың өн бойынан табуға болады. Алдымен насихат айт, «Құдайдан қорық!» деп жұмсақ тілмен ескерт дейді. Бұған бағынбаса, амалға көш, яғни «төсектен бас тартып, сабасына түсір» дейді. Кейбір ғалымдар «теріс қарап жатуға да» болатынын айтады. Дегенмен, бұл жерде де дұрыс түсінік қалыптасуы керек яғни мұны «төсекте әйелді мүлдем тәрк ету» деп түсінбеу керек. Бұл да нәтиже бермесе, күйеу «Рұқсат» сөзінің көлемімен ғана жазалай алады. Яғни «ақырындап» сөзін «аздап» сөзіне ауыстыруымыз керек. Ол жеңіл шапалақ болуы мүмкін немесе шымшып сес көрсету, шақырымнан жұдырық түю, әйтеуір үстелді ұрса да, өзінің қатты ашуға берілетінін білдіру, бұл кішігірім шараның жеңіл түрі. Себебі, бұл соңғы шешім емес. Өйткені, бұған да көнбесе, екі әулеттің ең жақындарын шақырып, төрелік жасату бар. Бұл жердегі ең басты мәселе — ер адамның өмірін шариғатпен құруы. Сонда ғана талап етуі де орынды болады. Ал, құрмаса ше? Онда да бәрібір ата Заңымыз бұған жол бермейді.

— Үйдегі жанжал себепсіз болмайды. Оның туындауына әйелдің тілі түрткі бола ма әлде ер-азаматтардың жүйкесі жұқарған ба? 

— Дәл қазіргі сынағы сынық заманда екеуі де себеп болуы мүмкін. Өйткені, жүректерде тыныштық жоқ. Кез келген сылдырға сына береді. Ал, жүректің иесі кім? Әлбетте, Алла! Мен көп адамның «Алланы жақсы көремін» дегенін естимін. Бірақ, амалдарын көрмеймін. «Иманым жүректе» дейді. Бірақ, соны дәлелдемейді. Оның дәлелі — Алланы жақсы көру, құлшылық ету. Өзін де, өмірін де Аллаға тапсырмай, ешбір адам екі дүниенің де қиындықтарын шеше алмайды. Осыны кез келген ер мен әйел жақсылап түсінуі керек. 

— Ақпарат кеңістігінде әйелдердің күйеуінен таяқ жегені жайлы ақпаратты жиі байқаймыз. Ал сол әйелдердің бәрінің таяқ жеуіне тек еркек кінәлі ме? 

— Бұл мәселеге өз басым бір жақты қарамаймын. Өйткені, таяқтың екі ұшы бар. Сондықтан, бұл жерде таяқты жегісі келген әйел де кінәлі, жегізген еркек те кінәлі болуы бек мүмкін. Яғни, жағдайдан бұрын адамына қарай бағалаймын. Себебі, сан түрлі мінез қым-қиғаш жағдайды құрайды. Әйелдің қаруы — тіл, еркектің қаруы — жұдырық. Егер әйел ақылды болса, қаруын бірден алып шықпайды. Ал, ақылы бар еркек әйеліне қол көтермейді. Есіріп тұрған еркекті жеңем деу бекершілік, егер каратэмен айналысқан әйел болмаса. Ал, әлі келмей тұрған әйелін ұрған еркек өмірден жеңіліп өтеді. 

— Сауалнамалық деректерге қарағанда, әйелдерін жақсы көріп тұрғанымен түрлі отбасылық кикілжің кезінде қызуқандылыққа салынып, жарына қол жұмсайтын ерлер де кездеседі. Осындай азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз? Әйелдерге ше?

— Әйелге зорлық-зомбылық көрсету фактілері Кеңес заманында көбейді. Яғни, шайтан судың шалабы қазақтың қаншама шаңырақтарын шайқалтқанын көзіміз көріп өстік. Егемендікке қол жеткізсек те бұл басылмады. Тіпті, Құраннан бір сүре жаттамай, мұрнына исламның иісі бармаған ер-азаматтарымыз «төрт әйел алуға болады екен» деп есіріп кетті. Былайша айтқанда, әйеліне тікелей қол көтермесе де, бала-шағасымен әйелін тастап, моралдық тұрғыда «ұрып» жүрген еркектер баршылық. Қазір мүлдем үдеп кеткен тәрізді. Енді айдың күні аманда, бала-шағаның көзінше анасын балталау деген қай ата-бабамызда болған еді. Сондықтан, ақылы қол көтеруге ғана жеткен ер азаматтар егер мені тыңдаса, оларға бір ғана насихат айтар едім: «Әйеліңді ұрып жатқан кезде, көз алдыңа анаңды, апаңды, қарындасыңды, қызыңды елестет. Мүмкін ойланарсың, тоқтарсың». Әйелдерге де айтар кеңесім: Ұрпағың үрім-бұтағымен үкілі болып өссін десең, ер-азаматқа тиісті құрмет, парасаттылық танытыңыз. Өйткені келешекте әйел ұратын ұл дүниеге келуі мүмкін.

— Сұхбатыңызға рақмет! 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама