×

Әкелер форумы: «Қоғам дамуының алғышарты – адами жауапкершіліктен басталады»

Сарапшылардың ұсынысы тиісті мемлекеттік органдарға жолданады

 Ая Өміртай 15.11.2023 | 21:19
Фото: Halyq Uni

Астанада «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында өткен VIII Республикалық әкелер форумында Орталық Азияның жетекші мамандарды бас қосты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Форумға Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінің өкілдері, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Парламент депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ «Әкелер одағы» РҚБ делегаттары қатысты. 

Форумның мақсаты – әкелер институтын дамыту, отбасылық құндылықтар және өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласында жаңа тәсілдерді насихаттау және қалыптастыру.

«Адал азамат: Ұлттық құндылық» тақырыбы төңірегінде өткен талқылауда осы саладағы жетекші мамандар гендерлік теңдік мүмкіндіктерін ілгерілету аясында ұсынысы мен ой-пікірін ортаға салды.

«Талбесік» көпбалалы аналар одағының басшысы Ләззат Қожахметова отбасының заманауи бейнесін қалыптастырудағы ер мен әйел рөлі туралы сөз қозғаса, «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің басшысы Дихан Қамзабекұлы қоғам дамуының алғы шарты – бала тәрбиесінен басталады деген пікірін жеткізді.

Панельдік сессияға қатысқан ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов әкелер институтын қайта жаңғыртудың маңызы туралы ой қозғады.

Мысалы, менің әкем өмір бойы жүргізуші болған, шешем үй шаруасымен айналысқан қарапайым жандар еді. Екеуі маған үнемі «Әуелі Алла, ең бірінші жүрегіңде иман болсын. Екінші, халық» деп отыратын. Қазіргі заттанған, материалданған заманда рухани түп негізімізден ажырап, иман таразысын ұмытып бара жатырмыз.

Жеке кәсіпкер ретінде қызмет істеп, қайырымдылық іс-шараларымен айналысып келе жатқаныма жиырма жылға жуық уақыт болған екен. Алдымызда әлі де атқарылуға тиіс қыруар шаруа тұр. Егер бүгінгі қоғамның дамуына азғантай да болса үлес қосқан болсам, ол – әке-шешемнің маған берген тәрбиесінің жемісі дер едім, - деді Исламбек Салжанов.

Белгілі меценат жеке тәжірибесі туралы кеңінен әңгімелеп, отбасындағы дұрыс тәрбиенің қоғам дамуының қажетті мәдени құрылымы екендігін атады. Сондай-ақ ол Орталық Азия елдері бойынша ер адамның рөлін арттыру туралы идеялары мен ұсыныстарын ортаға салатын алаңға айналған форум ұйымдастырушыларына алғыс білдірді.

Жаңалықтарда күнде бір шетін оқиғалар шығып жатыр. Біз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз? Осының түпкі негізіне терең бойлайтын болсақ, адами жауапкершілік ұғымдары бас көтереді. Өзіне жауапкершілік алған адамнан отбасына ғана емес, ел ертеңіне сергек сеніммен қарайтын азамат шығар еді. Мен қоғамға не беремін, ертеңгі болашағыма қандай үлес қоса аламын деген сұрақты күніне бір уақыт ойланып көрсек, қоғам дамуының алғышарты дәл осы сұраққа жауап іздеуден басталған болар еді. Елімізде сегізінші мәрте өтіп отырған «Әкелер форумы» ер адамның, әкенің рөлін арттыру бойынша идеялар мен ұсыныстар жасап шығаратын алаңға айналды. Осы орайда аталған ауқымды жиынның өтуіне қолдау көрсеткен Мәдениет және ақпарат министрі Айда Ғалымқызына, «Саналы әке» идеясын насихаттап жүрген «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағамбетовке ерекше алғыс білдіремін, - деді белгілі меценат.

Айта кетелік, форумда «Орталық Азияның ер-азаматтары» кітабының тұсаукесері өткізілді. Бұл – Орталық Азиядағы ер адамдар туралы әңгімелер жинағы.

Авторлар кітаптың кейіпкерлері арқылы ер азаматтарға тән қасиеттері мен әке болудың әртүрлі қырларын, сондай-ақ қазіргі заманғы Орталық Азиядағы отбасы мен қоғамдағы ер адамның рөлін көрсетеді. Бұл жинақ БҰҰ халық қоныстану саласындағы қоры (ЮНФПА) шығарған «Ерлерге арналған нұсқаулық. Саналы әке қандай болу керек» атты нұсқаулығына бейімделіп жасалған. 

Форум аясында адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптеу, салауатты өмір салтын ұстану, отбасының заманауи бейнесін қалыптастырудағы БАҚ-тың орны, ерекше бала тәрбиелеудегі әкенің, отбасының рөлі, баланың бойындағы қабілеттерді арттыру тақырыптары талқыланды және әрқайсысына жеке сессиялар арналды.

Іс-шараның қорытындысы бойынша әкелер институтын дамыту және осы саладағы қордаланған мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстар мен сарапшылар пікірінің жиынтығы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдарға орындау үшін жолданатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама