×

Киік етін өңдеу: БҚО әкімі Қытай инвесторларымен келіссөз қалай жүріп жатқанын айтты

Нариман Төреғалиев инвесторлар тарапынан әлі нақты ұсыныс болмағанын айтты

 Дәурен Ерболат 14.11.2023 | 15:52
коллаж: Halyq Uni

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Қытайдан келген инвесторлармен өңірде ет комбинаттарын салу бойынша келіссөз жүріп жатқанын, бірақ әлі нақты ұсыныс болмағанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

БҚО әкімінің айтуынша, өңірге инвестиция салғысы келетін шетелдіктерге Қазақстанның жері берілмейді. Инвесторлар онда тек уақытша жұмыс істей алады.

«Мәселе заң бойынша шешіледі. Жер беру рәсімі бойынша жұмыс істейміз. Біріншіден, бізге инвестор тарту керек. Екіншіден, қазір алдымызда үлкен тапсырмалар тұр. Себебі, мемлекетіміз шикізатқа тәуелді болмауы керек. Мұны мемлекет басшысы үнемі айтып жүр... Сондай-ақ президент өнімді терең өңдеу туралы айтады.

Сондықтан қазір біз етті терең өңдеп, яғни қосымша құнмен жақсы бағаға сатып, облысымыздың экономикасын көтеруіміз керек. Облыс экономикасының көтерілуі өңірдегі барлық мәселені шешуге септігін тигізеді. Яғни (әкімдікте) ақша болады», - деді Нариман Төреғалиев.

Сондай-ақ облыс әкімі шетелдік инвесторларға қандай талап қойылатынын жеткізді.

Қазір инвестордың қаражаты болса, өзіне алған міндеттерді жақсы орындайтын болса, онымен келісуге әзірміз. Бұл – облысымыздың мүддесі. Тағы қайталап айтамын, бізде салық базасын көбейту, адамдарды жұмысқа орналастыру ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Қазір біз неге ауылдарды іздеп жүрміз? Осы ет комбинаттарын ауылдарда салыңдар деп отырмыз. Ауыл адамдарын жұмыспен қамтысақ, олардың материалдық жағдайы түзеледі. Сондықтан инвестордан қорқудың қажеті жоқ, ол халыққа тек пайдалы болады, - деді БҚО әкімі.

Сондай-ақ Нариман Төреғалиев өңір халқын қытай инвесторларынан қорықпауға шақырды.

Біріншіден, жер сатылмайды. Тағы қайталап айтамын, жер (инвесторға) уақытша беріледі. Сондай-ақ зауыт салынған жағдайда, ол (инвестор) зауытты арқалап алып кетпейді ғой. Біз осыны халыққа жақсылап түсіндіруіміз керек. Сондықтан Қытай келеді деп қорқудың қажеті жоқ.

Егер Қытайдан инвестор келіп, осындай шаруа істеймін деп жатса, біз оны қабылдаймыз, - деді өңір басшысы.

Облыс басшысы Қазақстанда малдың еті мен терісі толық өңделмейтінін атап өтті.

«Қазір біз малды сойып жатырмыз. Ірі қара және басқасы болсын. Біз оның терісін қайда жіберіп жатырмыз? Өңдей алмаймыз. Сүйектерін қайда жіберіп жатыр? Оны да өңдей алмаймыз, пайдаға асыра алмай отырмыз.

Кеше инвесторлармен сөйлестім. Оларға «Малдың қаны мен терісі, сирағынан бастап мүйізіне дейін, жалпы сүйектері қайта кетеді? Сіздер оларды өңдейсіздер ме?» деп сұрақ қойдым. Олар өңдеуге дайын, технологиясы бар. Бізде үлкен зауыттар салынса, өте пайдалы болады. Малдың қанына дейін өңдейміз. Қаннан мал азығын дайындауға болады. Міне осыларды неге пайдаланбасқа? Терісін де пайдаланады.

Егер киік сойылса, оның мүйізінен дәрі жасауға болады. Бәрінің пайдасы бар.

Тағы да қайталап айтамын, Қытай инвесторларымен біз әлі келісімге келген жоқпыз. Олар келіп кетті. Қандай шарттары барын айтты. Әзірге нақты ұсыныс болған жоқ», - деп сөзін түйіндеді Нариман Төреғалиев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама