×

Орталық Азия сарапшылары тұрмыстық зорлықты қалай тоқтатуға болатынын талқылады

Астана қаласында Орталық Азия елдеріндегі мәселелерге арналған семинар-тренинг өтті

 Ербол Тұрымбет 14.11.2023 | 14:15
Фото: Halyq Uni

Астанада Орталық Азиядағы гендерлік теңдікті ілгерілетуге ерлерді жұмылдыру тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды. Онда елімізбен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркменстандық мамандар сол елдердегі отбасылық қарым-қатынастағы әйелдер мен балалар мәселесін кеңінен терең қаузап жатыр.

Еуразиялық зерттеу институты жариялаған Гендерлік теңсіздік индексі бойынша Қазақстан 162 ел кіретін әлемдік рейтингте 44 орында, ал Орталық Азия елдері арасында үздік тұр. Одан соң Өзбекстан, Тәжікстан, сосын Қырғызстан.

БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының сарапшысы, қырғызстандық Тынчтыкбек Бакытов гендерлік зорлық-зомбылықты болдырмау бойынша көп жыл бойы әйелдер мен қыздарды оқытып келеді. Алайда айналадағы жағдай, жұрттың мінез-құлқы өзгере қоймаған. Себебі, қыз, келін өз құқын білгенімен, күйеуі, енесі не атасының ұстанымы өзгермесе, одан ештеңе шықпайды. Сондықтан ой өзгергенде ғана тәртіп өзгеретінін айтады.

Сол үшін біз жұмысты мектептен бастаймыз. Ұлдар мен қыздар өз құқын біліп өсу үшін оқу бағдарламасын жаңартып жатырмыз. Ал универ деңгейіне келсек, онда заңгерлерге арнайы оқу бағдарламасы қосылады. Журналистерге де осы тақырыпты қалай жазу керек екенін көрсетеміз. Әйелдер күнделікті жұмыс орнында да қандай да бір харассмент қысым көрсе, ондай жағдайда қайда жүгінуге болатынын білу керек. «Жарық сәулесі» өңірлік бағдарламасы барлық деңгейдегі институтты осы мәселеге жұмылдыруды көздейді, - дейді ол.

Оның айтуынша, Қырғызстанда кризистік орталықтар негізінен азаматтық ұйымдарға тиесілі. Ал мемлекеттік жалғыз орталық бар. Ол Бішкекте, сондықтан жалпы жұртшылыққа жеткіліксіз. Өйткені, өңірлерде зорлық деректері анықталса, ол әйел пана іздеп сонау Бішкекке бара алмайды.

Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелеріне сауалнама жүргізген қырғызстандық мамандар елдегі әйелдер мен ерлердің шамамен бір деңгейде ойлайтынына көз жеткізген.

Мәселен, «әйел отбасын сақтап қалу үшін қорлыққа төзу керек пе?» деген сұраққа 40%-ы келісетінін білдірген. Оның ішінде әсіресе әйелдердің үштен бірі отбасын сақтап қалу үшін ұрып-соққанға көне беруге бар.

Сондай-ақ, ерлердің 61%-дан астамы және әйелдердің 54%-ы балаға қажет болған жағдайда қол көтеруді құптайды.

Ал еліміздегі республикалық әйелдер кеңесінің мүшесі Баян Ахатайдың айтуынша, ұйымға жүгінетін әйелдердің көбіне айтып келетіні балаларының түрлі тәуелділікке ұшырауы. Соның ішінде вейпке, синтетикалық есірткіге тәуелділік және тұрмыстық зорлық-зомбылық.

Мысалы, жақында ғана батыс өңірінде ерте жүктілікке қатысты мәлесе туындаған соң сол жаққа барып семинар-тренинг өткіздік. Біздің қоғамда мынадай тенденция бар: жыныстық сауаттылықты ашық айта алмаймыз. Баяғы туыстық қарым-қатынаспен реттелетін жеңге-қайын сіңлі, жезде-балдыз деген бозбала мен бойжеткеннің пісіп-жетілуіне әсер ететін қарым-қатынастар көмескіленіп бара жатқаннан кейін психологиялық қызметті күшейтуіміз керек, - дейді ол.

Сондай-ақ, оның сөзінше, күнделікті тұрмыстық келіспеушіліктің бәрін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жатқыза беруге болмайды. Бұның шекарасы ешқандай заңнамада көрсетілмеген.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегенде, алдымен әйел затына мүлде қол көтеруге болмайды. Мынадай да жағдайлар болады. Біз осы Қазақстанда қандай дағдарыс орталығы бар, соның бәрінде дерлік болдық. Сонда бір-екі басшының айтқаны бар, «мына әйелдердің мінезін көрген кезде өзің ұрып жібергің келеді» дейді. Яғни, кей жағдайда біздің әйелдеріміз де мәжбүрлеуі мүмкін. Ер адамның сабырының қаншалықты сарқылмайтынын, тереңдігін білмейміз, - дейді Баян Ахатай.

Дегенмен, оның айтуынша, қоғамда неше түрлі оқыс жағдай тұрмыстық зорлық-зомбылықтан болып жатыр. Статистикаға жүгінсек, бір жыл ішінде 70 әйел соның кесірінен бақилық болған. Яғни, каншама бала жетім қалды, адам өмірі қиылды. Сондықтан нақты концептуалды шешімдер, нақты заңнамалар шыққанға дейін кез келген сигналға реакция жасауымыз керек. Өйткені, оның арғы жағында қаншама тағдыр тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама