×

Жетісу облысында қылмыстық топтың мүшелері ұсталды

Олардың қылмыстық әрекетінің салдарынан 270 млн теңгеден аса шығын келтірілген

 Динара Амантай 10.11.2023 | 13:33
Фото: Halyq Uni

Жетісу облысының ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен ҰҚК департаментінің қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен Балқаш көлінде заңсыз балық аулап, оны сатумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, топтың құрамына Сарқан ауданы мен Талдықорған қаласының тұрғындарынан тұратын 30-дан астам адам кірген.

Олардың әрбірінің өз рөлі болған:

  • ұйымдастырушылар;
  • браконьерлер;
  • тасымалдаушылар;
  • сатып алушылар.

Шамамен 20 тінту іс-шарасы жүргізіліп, 51 тоннадан астам балық, 38 атыс және травматикалық қаруы (олардың 15-і тіркелмеген), 450-ден астам оқ-дәрі, ірі көлемдегі қаражат, діни әдебиет, 11 мотор қайығы және ұзындығы 80 метрден 120 метрге дейін жететін 210 балық аулайтын ау тәркіленді. Келтірілген шығын шамамен 270 млн теңгеден асады.

Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижелері бойынша қылмыстық топтың барлық қатысушысы полицияға жеткізіліп, олардың төртеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адамдар тобының ірі көлемде шығын келтіре отырып, заңсыз балық аулау мен қару сақтау фактілері бойынша тергеуді Жетісу облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізіп жатыр, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама