×

«Шетелдік делегацияны қабылдайды»: Қазақстанда қай өңірдің әкімінде резиденция бар?

Бірнеше өңір әкіміне тиесілі резиденция бар

 Айнұр Шошаева 09.11.2023 | 10:42
Қостанай облысындағы бұрынғы президент резиденциясы. Фото авторы: Асхат НУРТАЗИН, Лариса БОЖКО

Қазақстанның кейбір өңіріндегі президент резиденциялары нысаналы мақсатын өзгертіп, әлеуметтік мекемелерге ауыстырылған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бұған дейін БАҚ-та кейбір өңірлердегі бұрын президент резиденциясы болған ғимараттар әлеуметтік-оңалту орталықтары ретінде пайдалануға беріліп жатқаны туралы ақпарат жарияланған болатын. Осыған орай, редакция тілшісі өңір әкімдіктеріне ресми сауал жолдап, резиденциялар туралы сұрады.

Қай өңірде ел президентінің резиденциясы бар және оны күтіп ұстау үшін бюджеттен жыл сайын қанша қаржы бөлінеді? Сондай-ақ қай өңірдің әкімінде резиденция барын сұрауды да ұмытпадық. Сонымен...

Атырау қаласының әкімдігі берген жауапта өңірде екі бірдей резиденция барын жазған. Бірі - президент резиденциясы, Махамбет ауданында орналасқан. Бұл ғимарат 2002, 2004, 2008 және 2020 жылдары салынған. Екіншісі облыс әкімінің резиденциясы, ол Атырау қаласында орналасқан. Өңір басшысы тұратын ғимарат 1982, 1995, 1998 жылдары салынған. Жылына күтіп ұстауға 9-10 миллион теңге қаржы бөлінеді екен. 

Орташа алғанда, объектіні ұстауға шамамен 30,0 млн теңге бөлінеді (оның 60% - коммуналдық қызметтер, 30% - персонал жалақысы). Резиденцияны жекешелендіру мәселесі қаралмады, - деді әкімдік.

Павлодарда президент резиденциясы жоқ, бірақ облыс әкімінің қала сыртындағы резиденциясы бар. Ғимарат 1971 жылы салынған.

Облысқа барған кезде президент пен мемлекеттің бірінші тұлғаларын орналастыруға арналған. 2016 жылға дейін резиденцияны ұстау Павлодар қаласының жергілікті бюджет қаражаты есебінен, қазіргі уақытта облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды, - деді әкімдік.

Ақтөбе облысында да президент резиденциясы бар. Ғимарат 2008 жылы салынған. Қазір ғимарат (қонақ үй) әлеуметтік нысан ретінде және ғимарат орналасқан жер учаскесін пайдалануды «Үміт» балалар үйіне беру мәселесі қарастырылып жатқаны белгілі болды.

Бұл мәселе шешімін тапқанға дейін қазір ешқандай мақсатта пайдаланылмайды, - деп сендірді әкімдік.

Бұған қоса, жауапта облыс әкімінің өзінің жеке пайдалануға арналған резиденциясы жоқ екенін айтылған.

МЕГАПОЛИС БОЛҒАНДЫҚТАН...

Шымкент қаласы әкімдігінің Іс басқармасы ұсынған ақпаратқа сенсек, қала басшысының резиденциясы жоқ. Ол қызметтік пәтерде тұрады. Бірақ қалада резиденция бар. Әкімдік оның не үшін қажет екенін түсіндірді.

Шымкент қаласы еліміздің үшінші мегаполисі болуына байланысты, сонымен қатар көршілес жатқан елдермен рухани-мәдени байланысты арттыру мақсатында шетелдік (ресми – авт.) делегацияларды қабылдау үшін резиденция қаралған, - делінген жауапта.

Белгілісі резиденция осыдан 20 жыл бұрын (2003 жылы) салынған. Алайда оны күтіп-ұстауға бюджеттен қанша қаржы жұмсалатыны құпия. Мұны әкімдік резиденцияның режимдік нысан болуымен түсіндірді. Сонымен қатар ол ерекше қорғалатын табиғат аумағында орналасқандықтан, басқа мақсатта қолданылмайтынын, яғни жеке меншікке берілмейтінін айтты.

Президент резиденциясы бар тағы бір өңір – Жетісу облысы. Ол Мемлекет басшысын, шетелдік делегациялар мен Қазақстанның өзге де күзетілетін тұлғаларды қарсы алуға арналған, дейді.

Мемлекеттік резиденция 2016 жылы салынған. Мемлекеттік резиденцияны күтіп-ұстауға және қызмет көрсетуге, қызметшілердің жалақысы мен коммуналдық қызметтер, байланыс қызметтеріне жылына 22,3 млн теңге жұмсалады, - деді әкімдік.

Айта кетейік, бұл өңірде мемлекеттік резиденцияны жекеменшікке беру туралы мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Сондай-ақ өңір әкімінде резиденция жоқ екенін белгілі болды.

ЛАГЕРЬ, САЯБАҚ ПЕН ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ

2023 жылға дейін Жамбыл облысында президент резиденциясы болған екен. Наурыздан бастап ол ғимарат балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру лагеріне айналыпты. Ал әкімдіктің хабарлауынша, өңір басшысына тиесілі резиденция жоқ.

Қостанай облысындағы президент резиденциясы да нысаналы мақсатын ауыстырғалы жатыр.  Атап айтсақ, ғимаратты психоневрологиялық ауытқуға ұшыраған және тірек-қимыл қозғалысына зақым келген балаларға арналған реабилитациялық орталыққа бейімдеу туралы шешім қабылданған. Қазір ғимаратты мүмкіндігі шектеулі балаларға бейімдеу, реабилитациялық құрал-жадықтармен қамтамасыз ету жұмыстары істеліп жатыр. Әкімдік жауабында «Облыс әкімінде резиденция жоқ» деп нақтылады.

Еске сала кетейік, Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы президент резиденциясы талқандалып, өртеніп кеткен болатын. Талқандалған ғимарат күреліп, орнында саябақ пайда болды. Ғимаратты бұзып, күреу үшін 6 млрд теңге қаржы жұмсалған болатын.

РЕЗИДЕНЦИЯСЫ ЖОҚ ӨҢІРЛЕР ДЕ БАР

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында президент резиденциясы да, облыс әкімінің резиденциясы да жоқ. Жауапты лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде облыс әкіміне жеке тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Барлық коммуналдық және тұрғын үйді күтуге байланысты шығындарды әкімнің өзі төлейді. Сол сияқты Қызылорда, Түркістан, Алматы, БҚО, Қарағанды, Абай мен Ұлытау облыстарында президент немесе облыс әкімінің резиденциясы жоқ. Астана әкімдігі де қала басшысында резиденция жоқ екенін мәлімдеді.

Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының жауабында да өңірде президент резиденциясы жоқ екені жазылған.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы «президент резиденциясы» аталып жүрген нысан резиденция болып табылмайды, нысанның өзі де, ол орналасқан жер телімі де жекеменшік болып табылады. Сондай-ақ, Маңғыстау облысы әкімінің резиденциясы жоқ екендігін, қызметтік пәтерде тұратындығын мәлімдейміз, - деді әкімдік.

Бұған дейін Ақтау қаласының әкімдігі бұрынғы президент резиденциясы аумағында не салынатынын хабарлаған еді. Онда шамамен құны 1 миллиард теңге болатын жер учаскесінің мемлекетке қайтарылғаны айтылды. Маңғыстау облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасы 2002-2004 жылдары жер учаскесі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ меншігіне беріліп, көп уақыт өтпей, Oil Real Estate ЖШС-ға сатылғанын хабарлады. Сот тергеу арқылы 20 жылдан аса уақыттан кейін жер учаскесінің заңсыз сатылғанын анықтаған.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ СҚО ӘКІМІ БОЛҒАНДА ПРЕЗИДЕНТ РЕЗИДЕНЦИЯСЫНДА ТҰРҒАН БА?

Редакцияның ресми сауалына Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі де «Облыс аумағында президенттің және облыс әкімінің резиденциясы жоқ» деп жауап берді. Алайда бұл жауап өңірде резиденция мүлдем болмады дегенді білдірмейді.

«Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, 2000-жылдардың басында Петропавл қаласының ең көрікті жері, халық «Вороний остров» атап кеткен демалыс аймағында президент резиденциясы салынған.

Құжатта беделді аудан деп сипатталады. Оны салу үшін ҚР мемлекеттік орман қорынан 243,0 га жер бөлінді. Нақты пайдаланылған жер учаскесінің ауданы 01.10.2018 жылы техникалық паспортына сәйкес 1,351 га құрайды. Нысаналы мақсаты – орман шаруашылығын жүргізу. Бағалау ұйымдарының есептеріне сәйкес, нысан осы уақытқа дейін мақсатына сай пайдаланылып келеді, - деді Дидар Смағұлов.

Резиденция аумағында екі қонақүй мен монша орналасқан. Бір үйдің ауданы 400,3 шаршы метр, екіншісі 266,9 шаршы метр аумақты алып жатыр. Ал моншасы 98,5 шаршы метр. 2019 жылға дейін бұл нысандар СҚО әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ-нің жедел басқаруында болған екен.

«Сол кезде облысты басқарған Құмар Ақсақалов бұл нысанды «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға берді. Тиісті қаулысы бар. Ол кезде Ақсақалов ӘКК директорлар кеңесінің төрағасы болған еді. Мұндай рәсімдерді жасаған кезде мүлікті бағалау қажет. 11.05.2019 жылғы жылжымайтын мүлікті қабылдау-беру актісі бойынша бағалау құны 193 061 000 теңгені құрады. Оның ішінде: ауданы 400,3 шаршы метр қонақ үй 84 471 000 теңге; ауданы 266,9 шаршы метр қонақ үй 93 470 000 теңге; ауданы 98,5 шаршы метр монша 15 120 000 теңгені құраған. 2021 жылы «Солтүстік» ӘКК резиденцияны сатады», - дейді Дидар Смағұлов.

«Әділдік жолы» жетекшісінің айтуынша, мекеме мемлекеттік мүлікті өзге тұлғаларға сатуға болмайды. Сондай-ақ ол резиденцияны сату кезіндегі бағалау күмән тудыратынын атап өтті.

«ӘКК басқарма төрағасының м.а. Жақсылық Есдәулетов «KAZ-EXPERT» ЖК жетекшісі Абзал Қожантаевпен бір көзден мүлікті бағалау жөніндегі қызметтер шартын жасаған. Бұл шарт сомасы таңғалдырмай қоймайды. Себебі ауданы 400,3 шаршы метр қонақүйді 61 945 078 теңгеге, 266,9 шаршы метр екінші қонақүйді 58 213 098 теңгеге, ал ауданы 98,5 шаршы метр монша 20 587 349 теңгеге бағалаған. Яғни нысанның жалпы құны 140 745 525 теңгені құрады.

Мәселен, 266,9 шаршы метр қонақүй 58 213 098 теңгеге сатылды, дегенмен ол екі жыл бұрын 93 470 000 теңгеге бағаланған болатын. Сенімді көздерден алынған ақпарат бойынша нысандар 2021 жылғы 1 сәуірде TRANSCOM LTD ЖК құны бойынша бағалаудан төмен сатылған. Осы жерде Құмар Ақсақалов ол резиденцияны «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ-нен алып, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына не үшін берді деген заңды сұрақ туындайды? Сату үшін солай істеді ме?», - деді Дидар Смағұлов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама