×

Ақтаудағы президент резиденциясының орнына не салынады - әкімдік жауабы

Ал Атырау, Жамбыл, Ақтөбе облыстарындағы резиденцияларын балалар сауықтыру орталықтарына айналдыру жоспарланған

 Еркеғали Болатұлы 22.08.2023 | 15:51
фото: mapio.net

Президенттің Ақтаудағы бұрынғы резиденциясы аумағында не салынады? Бұған қатысты қалалық әкімдік жауап берді, деп хабарлады Lada.kz.

Президенттің бұрынғы резиденциясы балалар үшін қайта жабдықталады. Алайда қалалық әкімдік Самал шағын ауданындағы 225 гектардан аса жер учаскесінде нақты не салынатыны туралы шешімді әлі қабылдамаған.

Бұған дейін құны шамамен 1 миллиард теңге болатын жер учаскесінің мемлекетке қайтарылғаны айтылған еді. Маңғыстау облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасы 2002-2004 жылдары жер учаскесі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ меншігіне беріліп, көп уақыт өтпей, Oil Real Estate ЖШС-не сатылғанын хабарлаған болатын.

Сот тергеу арқылы 20 жылдан аса уақыттан кейін жер учаскесінің заңсыз сатылғанын анықтады. Учаске иесі апелляциялық шағым беру арқылы бірінші сатыдағы соттың шешімін жоюға тырысты.

Жер учаскесін беру кезінде Ақтау қаласының әкімдігі жалпы тәртіпті сақтамаған, яғни жер учаскесі жер комиссиясының және жерге орналастыру жобасының қорытындысынсыз берілген. Департаменттің жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы талабын бірінші сатыдағы сот қанағаттандырды. Жауапкер берген апелляциялық шағым Маңғыстау облыстық сотының шешімі бойынша қанағаттандырылмады. Сот шешімі заңды күшіне енді, - деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасы Lada.kz басылымына.

Ақтау қалалық әкімдігі бұл жер учаскесінде нақты не салынатыны әлі белгісіз екенін хабарлады.

Бұл учаске бас жоспарға енгізіліп, егжей-тегжейлі жоспарлау әзірленеді. Осыдан кейін ғана учаскеде не салынатынын айтуға болады, - деп жауап берді әкімдік.

Еске сала кетсек, бұған дейін ел президентінің тапсырмасы бойынша Қостанай, Ақтау, Тараз, Атырау және Ақтөбедегі өңірлік резиденциялар әкімдіктерге балалардың қажеттіліктеріне берілетіні хабарланған болатын. Сондай-ақ Атырау, Жамбыл, Ақтөбе облыстарындағы президент резиденцияларын балалар сауықтыру орталықтарына айналдыру жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама