×

Халықаралық іздеуде жүрген жамбылдық жігіт Алматыдағы фитнес залында ұсталды

Ол бірнеше жыл бойы шет мемлекеттердің аумағында бой тасалаған

 Динара Амантай 08.11.2023 | 15:29
Фото: polisia.kz

Алматыда 14 жыл бойы халықаралық іздеуде болған азамат ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жамбыл облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 2009 жылдан бері ҚР ҚК-нің 178-бабы 2-бөлігі, 257-бабы 3-бөлігі (ескі редакция) бойынша іздеуде жүрген 49 жастағы азаматты ұстады. Оған қатысты іздеу осыдан 14 жыл бұрын Тараз қаласында тонау және бұзақылық жасағаны үшін жарияланған болатын.

Жедел мәліметтерге сәйкес, ол бірнеше жыл бойы шет мемлекеттердің аумағында бой тасалаған.

7 қарашада жамбылдық полицейлермен арнайы операция жүргізу барысында іздеудегі азамат Алматы қаласындағы фитнес залдарының бірінде ұсталды. Күдіктінің бет-бейнесі өзінің туған ағасына ұқсағандықтан, полиция қызметкерлеріне ол өзін бауырының есімімен таныстырған. Анықтау жұмыстарын жүргізу үшін бір мезгілде оның туған ағасы Жамбыл облысының полиция департаментіне жеткізілді.

Аталғандардың саусақ іздері алынып, жеке бастары толық анықталған соң іздеудегі азамат Алматы қаласы ПД УҰИ-ға қамаққа алынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама