×

Психологтар сынып оқушыларымен кездесуге жылына кем дегенде 8 сағатын арнайды

Мыңнан аса оқушы білім алатын мектепте бірнеше педагог-психолог болады

 Айгерім Таубай 07.11.2023 | 15:45
көрнекі фото: Halyq Uni

Мектептерде психологтар сынып оқушыларымен кездесуге жылына кем дегенде 8 сағатын арнайтын болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің аппарат отырысында айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, қосымша сабақтарға педагог-психологтар жұмылдырылады. Осылайша психолог жылына сыныппен кемінде 8 сағат кездеседі.

Сондай-ақ комитет педагог-психологтың қызметін трансформациялау бағытында жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, педагог-психологты оқыту бағдарламаларын жаңарту жұмыстары басталған.

Айтуынша, бір психологқа 500 баладан келуі керек. Ол үшін мыңнан аса оқушы білім алатын мектепте педагог-психологтар саны кезең-кезеңімен көбейеді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев психологиялық қызметті жетілдіру маңызды міндеттердің бірі екеніне назар аударды.

Өйткені мектептерде психологиялық қызмет жұмыс істегенімен, психологтар бар болғанымен, оның жеткілікті екені жағынан сұрақтар бар. Оны шешуіміз керек. Екіншіден, психологтардың кәсіби әлеуетін көтеру, психологтарды арнайы курстардан өткізу мәселесі пысықталуға тиіс. Ол үшін арнайы дайындықтан ғана емес, сонымен қатар жоғары оқу орындарындағы психологтарды дайындаудағы бағдарламарды қайта қарау және ол бағдарламаны күшейту мәселесін де қолға алу қажет, - деді Ғани Бейсембаев министрліктің аппарат отырысында.

Айтуынша, психологиялық жұмыс дұрыс үйлестірілуі үшін аймақтарда тиісті орталықтар құрылуы қажет.

Қазір 8 аймақта осындай орталықтар жұмыс істеп тұр. Бірақ ол орталықтардың жұмысын жүйелендіру қажеттілігі байқалады. Білім басқармалары барлық аймақта осындай орталықтарды шұғыл ашуға қазірден бастап дайындалуы қажет, - деді министр.

Айта кетейік, психологиялық қолдау орталықтары Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан облысы және Алматы, Астана қалаларында құрылған. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама