×

Абай облысында алаяқтар зейнеткерлерден 24 миллион теңге жымқырған

Қазанның ортасынан бастап алаяқтық схемасы бойынша азаматтардың өтініштері түсе бастаған

 Динара Амантай 07.11.2023 | 14:36
Фото: Halyq Uni

Абай облысында алаяқтар зейнеткерлерден 24 миллион теңге жымқырған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, өңірде қазанның ортасынан бастап алаяқтық схемасы бойынша азаматтардың өтініштері түсе бастаған. Зейнеткерлердің айтуынша, оларға белгісіз адам қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, қызы немесе ұлы жол-көлік оқиғасын жасағанын хабарлаған. Жалған полицей ақша талап еткен, кейбір жағдайларда жәбірленушілердің кінәлі туысын босату үшін 7 миллион теңге қаражат берген. Қоңырау шалушы телефонды туысына берген кезде зейнеткерлердің күмәні толығымен сейілген. Қыз немесе жігіт қорқып, дірілдеген дауыспен қарт адамнан көмек сұраған. Тұрғындар алаяқтарға сеніп, ақшаны курьерлерге берген.

Іздеу іс-шаралары барысында жедел уәкілдер бейнебақылау камераларының көмегімен жәбірленушілердің үйіне қолма-қол ақша алу үшін келген жігітті анықтап, ұстады. Ол Семей қаласының 19 жастағы тұрғыны болып шықты. Тұрғылықты жері бойынша тінту барысында жас жігіттен 1,5 млн теңге сомасында ақшалай қаражат, ұялы телефон, ақшалай қаражатты аудару туралы түбіртек, Telegram мессенджері бойынша хат алмасу тәркіленді. Полицияға жеткізілген жас жігіт мобильді мессенджер арқылы алған нұсқауларына сәйкес әрекет еткенін айтты. Оның міндеті – көрсеткен мекенжайлар бойынша ақша алу және оны белгілі бір банктік шоттарға аудару. Бұл үшін ол 50-ден 100 мың теңгеге дейін алған.

Қазір полиция қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды анықтап жатыр. 6 арыз бойынша жәбірленушілерге келген шығын – 24 млн теңге. ҚР ҚПК-нің 201-бабы шеңберіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама