×

Ақтөбеде қылмыстық топ 25 млн теңгенің алтын бұйымын ұрлаған

Күдіктілердің барлығы бұрын сотталған болып шықты

 Еркеғали Болатұлы 03.11.2023 | 16:17
фото: ІІМ

1 қарашада түнгі мезгілде Ақтөбе қаласындағы ірі сауда-ойын сауық орталықтарының біріндегі сауда орнынан аса ірі көлемде алтын бұйымдар ұрланған.

Зергерлік бұйымдардың жоғалғанын сатушы келесі күні таңертең білген. 29 жастағы кәсіпкерге келтірілген шығын көлемі 25 миллион теңгеге жуықтады.

Осы дерек бойынша полиция қызметкерлері бейнекамералардың жазбаларын зерделеу кезінде медициналық бетперде киген ер адамның сауда орнына жасырын кіріп, кілт салу арқылы шкафтан алтын бұйымдарды ұрлағаны анықталды.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында күдіктінің жеке басын анықтады. Ол 25 жастағы аудан тұрғыны болып шықты. Күдіктінің түнгі уақытта сауда-ойын сауық орталығында адамдардың аздығын пайдаланып, өзінің 3 сыбайласымен бірлесе әрекет жасағаны белгілі болды.

Олар орталықтың ішінде бір-бірімен құлаққап арқылы байланысып отырған және осы қылмысты жасағаннан кейін Орал қаласында бой тасалаған. Күдіктілердің бұрын сотталған облыс тұрғындары екені анықталып, 2 қарашада оларды криминалдық полиция қызметкерлері Орал қаласында ұстады. Ұрланған алтындар тәркіленді.

ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігімен («Ұрлық») қозғалған қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама