×

Кеншілерге 55 жасында зейнетке шығуы үшін қандай талаптар қойылады

Заң жобасы жыл соңына дейін енгізілуі қажет

 Халық үні 30.10.2023 | 10:18
фото: akorda.kz

2023 жылдың 10 қазанында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова кеншілердің зейнет жасын төмендету мәселесіне қашан нүкте қойылатынын айтты.

Светлана Жақыпованың айтуынша, министрлік жыл соңына дейін заң жобасын енгізуі керек. Еңбек министрлігі екі талапты айқындаған: бұл шахтерлердің 55 жастан асуы және БЖЗҚ-да 7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасының болуы. Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өмірді сақтандыру компанияларымен бірлесіп, есептеулер жүргізіп жатыр.

Министр мәселе жыл соңына дейін шешіледі деп сендірді.

Төлем үш көзден: республикалық бюджеттен, өмірді сақтандыру компаниялары мен жұмыс беруші есебінен жүргізіледі.

Біз бір күнкөріс шегі көлеміндегі бюджеттік өтінімді рәсімдедік. Оның 3 жылға арналған сомасы: 45 млрд теңге, яғни жылына 15 млрд теңгеден.

Мұның бәрі шахтердің зейнетақы жинағының қорына байланысты болады. Зейнетақы жарнасын аудару 84 ай бойы жүруге тиіс. Осы төлемге үміткер адамдардың саны 46 мыңға жуық. Бірақ олар екі талапқа да сәйкес келуі керек – 55 жас және 7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасының болуы, - деді ведомство басшысы.

2023 жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадан өрт шығып, 200-ден астам кенші жер бетіне шығарылды. Соңғы ақпаратқа сәйкес, шахтадағы апаттан 45 кенші қаза тауып, тағы бір кенші іздестіріліп жатыр. Осы қайғылы жағдайға байланысты 29 қазан елімізде Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында жарылыс салдарынан қаза тапқандарды аза тұту күні деп жарияланды. 

Костенко шахтасындағы апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы адам шығыны ең көп болған өндірістік апат ретінде тіркеліп отыр. Соңғы ақпаратқа сәйкес, Костенко шахтасындағы апаттан 45 адамның қаза тапқаны белгілі болды. Әлі 1 адам іздестіріліп жатыр.

Бұған дейін адам шығыны көп болған ең үлкен апат 2006 жылы Ленин шахтасында болды, ол кезде 41 кенші көз жұмды. 2008 жылы Абай шахтасында болған апаттан 30 кенші қаза тапты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама