×

Әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық жасаған күдікті ұсталды

Жәбірленушілерге келтірілген шығын – 2 млн теңге

 Динара Амантай 27.10.2023 | 17:55
Фото: Halyq Uni

Жетісу облысында әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, ұсталған 34 жастағы ер адам алаяқтықтың 5 дерегі бойынша күдікке ілінді. Тергеу кезінде оған Талдықорған қалалық соты қамауда ұстауға санкция берді.

Күдікті – Алматының тұрғыны. Тергеу материалдарында әзірге талдықорғандық 5 жәбірленуші бар. Ер адамның қылмыстық мақсатта құрылыс материалдары мен түрлі дәнді дақылдарды сатып алу, сатуды іске асыратын түрлі қосымшаларды қолданғаны анықталды. Яғни түрлі келіссөз барысында ол сатып алушы, делдал және сатушы ретінде әрекет етті. Бес дерек бойынша жалпы шығын 2 млн теңгеден асты, – деді Талдықорған қалалық ПБ бастығының орынбасары Данияр Қабжасаров.

Тергеу барысында ұсталған адамның алаяқтыққа байланысты басқа қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексеріледі.

Полиция азаматтарды интернет кеңістігінде қаржылық мәмілелер жасасу кезінде сақ болуға шақырады. Сөйлесудің заңдылығына күмәндансаңыз, құқық қорғау органдарына дереу хабарласуыңыз қажет. Осы жылы өңірде интернет-алаяқтықтың 400-ден астам фактісі тіркелді. Алаяқтардың құрбандары – әртүрлі жастағы және кәсіптегі адамдар. Соның ішінде қаржылық операцияларда тәжірибесі бар адамдар, кәсіпкерлер мен қаржыгерлер болуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама