×

«Жумаханбетовтың нақсүйерісің деп қаралады» - суицидтан аман қалған Бекеева Президенттен араша сұрады

Ол өзінің ғана емес, жақындарының өміріне де алаңдайтынын айтты

 Динара Амантай 17.05.2022 | 17:00
Мөлдір Бекеева, фото: facebook.com/moldyr.bekeeva

Әлеуметтік желіде аудиожазбасы тарап, үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін  суицид жасамақ болған Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Бекеева Ішкі істер министрлігіне сенбейтінін айтып, Тоқаевтан араша сұрады. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тағы парақшасында жазба жариялады.

Жазба басында ол алдымен оқырмандардан уайымға салғаны үшін кешірім сұрап, өмірін сақтап қалған дәрігерлерге алғысын білдірді. Бұған қоса, қазіргі уақытта жүйелі ем қабылдап жатқанын айтты.

Ол бұл әрекетке баруына өзінің үстінен қозғалған іске қатысты қамауға алынатынын білген кезде мәжбүр болғанын айтады.

Адам тағдырымен «ойыншықша» ойнап, қолдан қылмыстық іс ашып,  қайта-қайта қаматамын деп қудалап,  соңында қамауға шешім қабылдағанын көргенде —  менің басқа амалым қалмады. Әділдікті өз өмірімнен де артық көрдім, қидым..!  – деді Бекеева.

Бұдан былай шындықты еш қорықпай айтуға болатынын айтып, желі қолданушыларынан әділдік үшін күресуге көмек сұрады. Сонымен бірге желіде тараған аудиожазбаны ол кибербуллинге теңеп, «Мақсат» есімді қызметкер оны әдейі арандатып, айла-амал қолданғанын айтты.

«Менің «крышам», сенің «крышаңнан» қайда мықтырақ» деп, тіпті сол кездегі департамент бастығы «Е.Жумаханбетовтың нақсүйерісің, жәлебісің»,- деп еш негізсіз қаралайтын. Сөйтсем, ойында бір «қитұрқы жоспары» — айла-амалы болған екен ғой, – деп күйінді баспасөз қызметінің жетекшісі.

Бұған қоса, Бекеева өзінің арының тазалығын дәлелдеу үшін кез келген гинеколог-экспертизаға да баруға  дайын екендігін мәлімдеді.

Бір өлімнен аман қалған ол Ішкі істер министрлігіне сенбейтінін айтып, енді тек өз өмірі үшін ғана емес, жақындары үшін де алаңдайтыны жеткізді.

Елдің алдында ақиқатты айтып отырып, қазір  өзімнің ғана емес, жақындарымның да өмір қауіпсіздігі үшін алаңдаймын... Қорқамын! Сондықтан,  бұл істі Бас прокурор Б.Н.Асылов мырза қадағалап, ҚР Конституциясының кепілі — Президентіміздің өзі қатаң бақылауға алуын өтініп, сұраймын! – деді Бекеева.

Баспасөз хатшысы өз жазбасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке барып, арыз жазып кеткенін атап өтті. Алдағы уақытта арнайы баспасөз мәслихатын өткізетінін де мәлімдеді.

Еске сала кетсек, сәуір айының 5-інде Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі  Мөлдір Бекеева суицид жасап, өмірімен қоштаспақ болды. Ол мұндай қадамға баруына басшылықты кінәлап, ары қарай шыдай алмайтынын айтып жазған соңғы хатын Facebook-тегі парақшасында жариялады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама