×

Суицид жасаған Шымкент полициясы баспасөз хатшысының қазіргі жағдайы айтылды

Ол көп мөлшерде дәрілік преппараттар ішкен болуы мүмкін

Шымкент қалалық полициясының баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева әлеуметтік желіде жазба жариялап, үстінен қылмыстық іс қозғалған соң жұмыстан кететінін мәлімдеді.

«Қызмет-мансаптың соншалықты адам өмірінен де қымбат екенін бұлай маған ұғындырады деп ойламадым. Адам өз өмірін қалайша қия салады деп ойланатын едім. Енді түсінгендеймін...», - деп жазды Мөлдір.

Желідегі жазбадан кейін Мөлдірдің суицид жасап, жағдайы ауыр күйде ауруханаға жеткізілгені айтылды.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы Мөлдірдің жағдайына қатысты ақпарат жариялап, оның жансақтау бөлімінде жатқанын мәлімдеді.

6 сәуір түнгі сағат 01:30-да Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жедел жәрдем қызметімен 1991 жылғы пациент ауыр жағдайда жеткізілген. Пациентті дәрігерлер шұғыл түрде тексеріп, жансақтау бөліміне жатқызған.

Түскен кездегі жағдайы ауыр болды, команың І-дәрежесі. Қазір науқас реанимацияда ем қабылдауда. Жағдайы тұрақты ауыр. Алдын-ала болжам бойынша пациент суицид жасау мақсатында көп мөлшерде дәрілік преппараттар ішкен болуы мүмкін, – делінген басқарма хабарламасында.

Естеріңізге салайық, осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде М.Бекееваға қатысты (бейпіл сөзге толы, қызметтік этикаға жат) аудиожазба жария болған еді.

«Аталған бейнежазба бойынша Шымкент қалалық ПД басшысы қызметтік тексеру тағайындады. Нәтижесінде, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері баспасөз қызметінің басшысымен әңгімесін жазып алған полицейді анықтады. Қызметкер, дыбыстық жазбаны өткен жылдың желтоқсан айында жазғаны туралы айтты. Себебі ол қарт ата-анасының жалғыз асыраушысы болғандықтан, жұмыста өз орнын сақтап қалу мақсатында дыбыстық жазба жазып алуға мәжбүр болғанын түсіндірді. Жедел басқару орталығының офицері ретінде қызмет атқарған оны, ПД-ның бұрынғы бастығының бұйрығы бойынша баспасөз хатшысының қарамағына жіберген. Өз кезегінде Мөлдір Бекеева, қызметкердің орындаған тапсырмасы негізінде күн сайын дау-дамай ұйымдастырып, оны қорлаған және ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін боғауыз сөздер айтқан. Сонымен қатар, оны жұмыстан босатамын деп бопсалаған. Оның генералдың қолдауына ие болып, оған баратынын түсінген қызметкер жігіт шарасыз қадам жасауға бел буып смарт-сағатқа дыбыстық жазба жазып алған. Кейін ол, бұл жазбаны WhatsApp желісінде достарымен бөлісіп, ал өзі моральдық және психологиялық қысымға төтеп бере алмай, ауруханаға түскен. Оның сөздерін баспасөз қызметінің, кадр жұмысының қызметкерлері, 5 жүргізуші қолдады және растады. Олар 10 ай бойы ПД баспасөз қызметінің басшысының қол астында жұмыс істеген», - делінген Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бекееваға қатысты аудиожазба ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы («Билік өкілін қорлау») бойынша тіркелді. Арыз бойынша, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын анықтау бөлімі жүргізеді.

Ал өз-өзіне қол жұмсау жайты бойынша Қаратау аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама