×

«Ұлы дала дүбірі»: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының айдентикасы таныстырылды

Іс-шара кезінде Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді

 Айнұр Шошаева 26.10.2023 | 19:28
Фото: Halyq Uni / Жансерік Күзембай

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұйымдастырушыларының халықаралық конференцияcы өтті. Ұйымдастырушылар келесі жылы Қазақстанда өтетін көшпенділер ойынының спорттық һәм мәдени бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

ҚР Туризм және спорт министрі, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Ермек Маржықпаевтың айтуынша, аталған ойын 2024 жылдың 8-14 қыркүйегі аралығында Астанада өтеді. Оған 100-ден астам елден 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтіліп отыр. 

Қазірдің өзінде, елімізде өтетін Көшпенділер ойындарына 73 мемлекеттің өкілдері қатысуға ниет білдірді. Демек, әлем елдерінің қызығушылығы әлі де артып, қатысушылар саны едәуір көбеюі мүмкін. Жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін Ұйымдастыру комитеті бар күшін салады,- деді министр.  

Сондай-ақ ол айтулы іс-шара кезінде Астанаға 100 мыңнан астам турист келетінін айтты. 

Спорттық бағдарлама 20 ойын түрінен тұрады, барлығы 110 медаль жиынтығы ойнатылады. Жарыс ат спорт түрлері, ұлттық күрес, садақ ату, саятшылық өнер және т.б.түрлерінен өтеді. Сондай-ақ ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім болады. Қазіргі уақытта Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қатысуымен командалардың құрамалары қалыптастырылып, оқу-жаттығу шаралары жүргізіліп жатыр, - деп толықтырды сөзін Ермек Маржықпаев. 

Бұған қоса министр көшпенділер ойындары өтетін жерлерге тоқталды. 

Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу үшін жаңа нысандар салынбайды, қолданыстағы инфрақұрылымдар қолданылатын болады. Ойынның ашылу салтанаты «Астана Арена» стадионында өтеді. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында» ұлттық күрес түрлері мен халық ойындары, «Думан» қонақ үй кешенінде инттелектуалдық ойындар сайысы өтеді. «Қазанат» ипподромында ат спорт түрлері мен ойынның жабылуы өтеді. Қазір «Қазанат» ипподромында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Толық іске қосылғанда ипподром 10 мың көрерменді қабылдай алады, - деді министр. 

Бүгінде көшпенділер ойындары өтетін «Астана-Арена» мен «Алау» мұз айдыны» сарайында да жөндеу жұмыстары басталған. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым сынды негізгі үш саланы қамтиды. Осы үш саланы біріктірудің арқасында көшпенділер мәдениетін зерттеп, жаһандық деңгейде насихаттау мүмкіндігі артады, дейді ұйымдастырушылар. 

Олимпиада, Азия ойындары немесе ауқымды спорттық жарыстардың барлығында алау эстафетасы міндетті түрде өткізіледі. Кейбір жағдайларда балама символ ретінде от емес, басқа қасиеттер немесе артефакт қолданылады. Алдыңғы ойындардың эстафетасы және ашылу салтанатының негізгі элементі су болды. Біз де бұл дәстүрді жалғастыруға ниеттіміз, - деді министр. 

Одан бөлек, ойын аясында еліміздің барлық аймағында «Бірлік керуені» жобасы іске асыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, «Қазанат» ипподромының аумағында «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл құрылып, онда Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді.

Сонымен қатар, ақындар айтысы және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылады,  этноауылды күн сайын 30 мың көрермен аралай алады. 

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжановтың айтуынша, аталған дүбірлі жарысты ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарымызды әлемге әйгілеуге зор мүмкіндік береді. 

Бұл ойындардың басталғанына 10 жыл болды, V мерейтойлық жарыстар Қазақстанда өтеді. Басты ерекшелігінің бірі – тек спорттық жарыстар ғана емес, ғылыми конференциялар өтеді. Мыңдаған турист келеді, оларға тек ұлттық спортты ғана емес, ұлтымыздың салт-дәстүрі, мәдениетін көрсетеміз. Одан бөлек ұлттық киімі, тағамы, өнері мен қолөнері бар. Сондықтан бұл ойын ұлтымызды бүкіл әлемге паш етуге жақсы мүмкіндік болады деп ойлаймын, - деді Исламбек Салжанов. 

Конференция барысында ойынның жарыстың логотипі мен ұрансөзін таныстырылды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция жетекшісі Наиль Нұровтің сөзінше айдентиканы жасау бірнеше кезеңге бөлінген. 

Біріншісі – логотип пен ұрансөзі. Қалғаны – пиктограмма, тұмар, медаль мен форманың дизайны, кәдесый бұйымдарының үлгілерін кейін таныстырамыз. Біз елімізде брендинг, оның ішінде спорттық брендингтегі көшбасшы мамандарға жүгіндік. Бұл жоба коммерциялық болған жоқ, біз ақшалай сыйлық бермедік, тек қана шығармашылық процесс. Нәтижесінде 5 жоба іріктелді, ең бірінші спортшы, жаттықтырушылар мен спорт стилистикасынан хабары бар мамандарға көрсеттік. Одан соң ұйымдастыру комитетіне бірнеше нұсқаны ұсындық. Бүгін соның жеңімпазын көріп отырсыздар, - деді Наиль Нұров. 

Сонымен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басты ұраны – «Ұлы дала дүбірі». Ал логотип формасы сопақшаға жақын шеңбер. Онда күнбасты салт атты бейнеленген. Бұл белгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді. Логотиптің жалпы пішін сұлбасы көшпенділер қолдан жасаған тұрмыстық бұйымының сәндік элементтеріне ұқсайды. Логотип қою қызыл түспен боялған. Бұл ақық тастың түсі қан мен отты, жүрек пен күнді еске салады әрі адам бойына қуат береді деген сеніммен ұшталады. Ақық таспен ежелде қамшы, белбеу іспетті бұйымдар әрленген. Ойын атауы мыңжылдықтың басында түркі руналарында қолданылған түпнұсқа шрифтпен жазылған. Логотип түсі көшпенділердің материалдық әлемінен (дүниетанымынан) алынған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама