×

Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын босап шығуы мүмкін бе

6 жылға сотталған кәсіпкер жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеп жатыр

 Дәурен Ерболат 26.10.2023 | 12:57
скриншот: видео

Былтыр сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылған Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының жазын жеңілдетуді сұрауға құқығы бар. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысынан шыққан Бас прокуратура өкіліне журналист «Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі – кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының жазасы жеңілдеуі мүмкін бе?» деген сұрақ қойды.

Әсет Шындалиев мәселе заң аясында шешілетінін атап өтті.

«Теориялық тұрғыдан заң шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығару, жазасын жеңілдету сияқты шараларды қолдану мүмкіндігін қарастырады. Заңда белгілі бір талаптар бар. Ол үшін (жазаның) қандай да бір мерзімі өтелуі қажет немесе іс-әрекеттен келген залалды өтеуі керек. Содан кейін оның мінездемесі, бас бостандығынан айыру орны берген мінез-құлқына берген сипаттамасы және тағы басқа осыған ұқсас жағдайлар ескеріледі.

Шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаны ауыстыруды талап ету – бұл сотталған адамның құқы. Сот бұдан бас тартуға немесе талапты қанағаттандыруға құқылы. Сотталған адамның сотқа жүгінуге құқы бар. Алайда сот оны (түзету мекемесінен) шығаруға міндетті емес. Тіпті, (сотталған адамның) жазасын өтеу мерзімі жақындаса да, ол түзу жолға түспесе, сот бұл талапты орындаудан бас тартуы мүмкін», - деді Бас прокурордың орынбасары.

2022 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің екі бабы «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылған болатын. Ол процесс барысында тағылған айыпты мойындады.

Сондай-ақ Сатыбалды 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Ол «Құрмет» пен «Парасат» ордендерінен айырылды.

Бұған дейін оның жазасын Шығыс Қазақстанда орналасқан ОВ-156/20 колониясында өтейтіні айтылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама