×

«Жастар алатын атақ емес»: сарапшылар «Халық жазушысы» және «Халық әртісі» атағы жайлы

Республика күніне орай шығармашылық адамдарына марапат табысталады

 Айгерім Таубай 22.10.2023 | 11:33

Биыл президент тапсырмасымен «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта беріледі. Қос атақ 1999 жылдан бері берілмеген еді, енді Республика күнінде мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады.

Ал «Қазақстанның халық жазушысы» атағы әдеби шығармашылық ортадағы ең жоғарғы сыйлық болады.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанованың айтуынша, бұл атақ әдебиетке еңбегі сіңген, қалың оқырманға аты мәшһүр жазушыларға берілуі керек.

Бұл жастардың сыйлығы емес. Бұл – үлкен суреткер болып қалыптасқан, халыққа кеңінен танылған адамға берілетін атақ. Үлкен бір буын дүниеден өтіп кетті, бірақ «Халық жазушысы» деген атақты алмағандарда бір олқылық, кемшілік болды деп айта алмаймын. Ол кісілер әдебиет әлемінде, әлем әдебиеті деңгейінде қалған тұлғалар. Одан кейін ала аламаған буын 70-тен асып, 80-ге келді, - дейді Роза Мұқанова.

Жазушы Айгүл Кемелбаева «Қазақстанның халық жазушысы атағы кімге берілуі керек?» деген сұраққа бірнеше қаламгердің атын атады. Олардың қатарында Медеу Сәрсеке, Нұрлан Оразалин бар.

Ескерілмей жүрген үлкен жазушы – Медеу Сәрсеке. Ол кісі 2000 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, ала алмай қалды. Мәскеуде «Тамаша адамдар» сериясынан үш бірдей кітап шығарды. Әрқайсысына ондаған жылын сарп етті. Архивте отырып, зерттеді. Қаныш Сәтпаевқа 40 жылын, Ермұхан Бекмахановқа 12 жыл өмірін жұмсады.

Бірнеше фамилияны атай аламын. Соның бірі – Роллан Сейсенбаев. Халықаралық дәрежеде танылған, екі тілде де шебер жазады. Қалам ұстаған әйелдерге келсек, Ақұштап Бақтыгереева – үлкен ақын. Қыздарға үлгі болатын, даусы бар, поэзияда орны бар қоғам қайраткері, - дейді Айгүл Кемелбаева.

49 «ХАЛЫҚ ӘРТІСІ» БАР

Мәдениет министрлігінің ақпаратына сәйкес, 1999 жылға дейін «Қазақстанның халық әртісі» атағын 49 адам алған.

Оның ішінде Бибігүл Төлегенова, Жания Әубәкірова, Әлібек Дінішев, Талғат Теменов секілді опера және эстарда әншілері, биші, скрипкашы, актер-режиссерлер бар.

Нұржамал Үсенбаева «Халық әртісі» атағын алмаған адамдарды халық білетінін және құрметтейтінін айтады. Ең бастысы – халықтың махаббаты, дейді ол.

Ал опера әншісі Сүндет Байғожин бірнеше адамның есімін атаған еді. Оның сөзінше, эстрадада Медеу Арынбаев, операда Майра Мұхамедқызы бұл атаққа лайық. Байғожин Димаш Құдайберген де «Қазақстанның халық әртісі» атануға лайық деп санайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама