×

Жас кітапханашы 2023: Астанада кітапханашылардың іскерлік кездесуі өтіп жатыр

Мамандар өз жобаларын қорғап, бақ сынасты

 Ая Өміртай 18.10.2023 | 12:46
Фото: Halyq Uni

Астанада Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен 24 қазан – кітапханашылар күні  мерекесіне орай, 18, 19 қазан күндері республикалық «Жас кітапханашы 2023: жаңа мүмкіндіктер уақыты» атты жастар лабораториясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ұлттық академиялық кітапханасына еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге жуық жас кітапханашы жиналып, мерекелік шараның салтанатты ашылуына қатысты.

Қазақстандағы мемлекеттік кітапханалардың жас кітапханашылары қатысатын іскерлік кездесудің мақсаты – салаға келген жастардың мамандыққа деген сүйіспеншілігі мен кәсіби біліктілігін шыңдау, жас мамандардың өнімді әрі сапалы жұмыс істетуіне көмектесу, өзара тәжірибе алмасуына ықпал ету, іскерлік қабілеттерін дамыту. 

Форумның ашылуында сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі, архив, құжаттама және баспа ісі комитеті, кітапханалар басқармасының эксперті Дина Аманжолова, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының «Маркетинг және жобалар» департаментінің директоры Саят Жөкенұлы, «Дәулеттен» қайырымдылық қоры директорының орынбасары Бекзат Қайрат форумның маңыздылығына тоқталып, жас кітапханашыларға сәттілік тіледі.

40-тан астам жас кітапханашы Ұлттық академиялық кітапханға жиналып отыр. Екінші жыл қатарынан өтіп жатқан іс-шараның куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әрдайым кітапханаларды «руханият ордасы» деп айтып отырады. Біздің кітапханалардың ағартушылық, мәдениетті қалыптастырудағы рөлі зор. Жастар креативті, идеялы, өздері оқуға қабілетті, білімді болып қалыптасуы керек. Осы орайда бүгінгі лаборатория үлкен ықпал етері сөзсіз, - деді Архив, құжаттама және баспа ісі комитетінің кітапханалар басқармасының эксперті Дина Аманжолова.

«Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының демеушілігімен өтіп жатқан жастар форумына Назарбаев Университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЮУ университетінің Ғылыми кітапханалары қолдау көрсеттіп отыр. 

Қазақтың даңқты жазушысы Әбіш Кекілбай ағамыздың «адамды адам еткен кітап, адамзат еткен кітапхана» деген керемет сөзі бар. Тарихта Отырар, Вавилон, Александрия, Мысыр сынды үлкен кітапханалар өркениеттер ордасының маздаған шамшырағы болды. Осы ретте «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры жас кітапханашылар жиынына қолдап көрсетуді өзіне зор мәртебе санайды. Бұл – қор жетекшісі Исламбек Төлеубайұлының басты ұстанымы. Себебі қазақ ұлты, қазақ халқы оқу-білім, дұрыс өзгеріс, даму арқылы алға басады деген сенімдеміз. Қазір біз Ұлттық академиялық кітапханамен бірлесіп үлкен жобаларды іске асырып жатырмыз. Оның бір дәлелі жуырда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыздың мерейтойлық жинағын көпшілікке ұсындық, - деп атап өтті «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры «Маркетинг және жобалар» департаментінің директоры Саят Жөкенұлы.

Жастар лабораториясы аясында кітапханашылар Назарбаев Университеті, М. Нәрікбаев атындағы ҚазЗУ, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кітапханаларына, Ұлттық академиялық кітапханасына арнайы экскурсия жасап,  кітапхана саласы бойынша мәдени, білім ошақтарында ұйымдастырылған панельдік, форсайт сессияларға, практикалық семинарларға, тәжірибелі мамандардың шеберлік, іскерлік сағаттарына қатысып, тәжірибе алмасады.  Жаңалыққа жаны құштар жастар арасында заманауи кітапхананың келбеті, кедергісіз кітапхана, кітапханадағы әлемдік ақпараттық ресурстар сынды түрлі тақырыптарда тренингтер мен дискуссиялық панель, QUIZ интелектуалдар сайысы өтеді, жастар креативті ойларын ортаға салмақ.

Кітапханалар мен кітапханашылардың беделінің өсуіне, кітапханаларда мықты жас мамандардың жұмыс істеуіне, осы саланың дамуына мен мүдделімін. Баршаңызға сәттілік, - деді Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайберген.

Сонымен қатар, әлеуметтік желіде ұйымдастырылған «Жас кітапханашы – 2023: жыл таңдауы» байқауына қатысқан 40 шақты үміткерден үздік деп танылған 10 маман кітапхана сахнасында өз жобаларын қорғап, бақ сынасты. 

Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған жастар лабораториясы ертең де рухани, мәдени, іскерлік шаралар бағдарламасымен жалғасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама