×

Үкімет басшысы халықты отбасының шырқын бұзатындардың әрекетіне төзбеуге шақырды

Бірқатар министрлікке тапсырма берілді

 Дәурен Ерболат 17.10.2023 | 15:25
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Әлихан Смайылов қазақстандықтарды отбасының шырқын бұзатындардың әрекетіне төзбеуге шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларға жүйелі түрде психологиялық көмек көрсетілмейді. Сондықтан «Жедел желі» мен сенім телефондарының мүмкіндігін кеңейту қажет.

Жалпы отбасылық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді баланың бойына жастайынан қалыптастырудың маңызы өте зор. Біздің қоғам отбасылық агрессорларға және осыған ұқсас фактілердің кез келген түріне мүлде төзбеушілік танытуға тиіс. Зардап шеккендерді, әсіресе балаларды мұндай проблемалармен бетпе-бет қалдыруға болмайды, - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Осыған байланысты премьер-министр төмендегідей тапсырма берді:

  • Біріншіден, Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылға дейін әр облыста Балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтарын ашу жоспарын әзірлеп, бекітуге тиіс.
  • Екіншіден, өңір әкімдіктері Мәдениет және ақпарат, Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерімен бірге жаңа Отбасын қолдау орталықтарын, сондай-ақ наркологиялық мекемелерді ашуды қамтамасыз етуі қажет.  
  • Үшіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі психотерапевтер мен наркологтарды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты ұлғайту мәселесін пысықтауы керек.
  • Төртіншіден, Ішкі істер, Мәдениет және ақпарат министрліктері тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға қатысты қабылданған түзетулер бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруы қажет.
  • Бесіншіден, Мәдениет және ақпарат министрлігі осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіруді қамтамасыз етуге тиіс.

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі үйленгісі келетін жастарға бақытты отбасы болудың негіздері түсіндірілетінін айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама