×

Алматыда караоке-бардың қонақтарын соққыға жыққандар сотталып кетті

Олар 5 жәбірленушінің бірінің денсаулығына ауыр, екеуіне орташа ауыр, қалған екеуіне жеңіл зиян келтірген

 Еркеғали Болатұлы 12.10.2023 | 15:53
фото: Табылды Кадырбеков

Алматыдағы караоке-барлардың бірінде қонақтарды соққыға жықты деп айыпталған күзетші мен ди-джей бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады қалалық сот.

№2 Бостандық ауданы сотының мәліметінше, айыпталушыларға Қылмыстық Кодекстің 293-бабы 3-бөлігі, Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі, 107-бабы 2-бөлігі бойынша бұзақылық пиғылда адамдар тобының денсаулығына қасақана ауыр және орташа зиян келтірді деген айып тағылған.

Сот дерегінше, 2022 жылы 28 қыркүйекте қаладағы караоке-барлардың бірінде қонақтар мен мекеме қызметкерлері арасында жанжал болып, оның соңы төбелеске ұласқан.

Осы мекеменің күзетшілері мен ди-джейі, сондай-ақ барда болған олардың таныстары жәбірленушілерді ұра бастаған. Жәбірленушілер оқиға орнынан қашуға мәжбүр болған. Алайда айыпталушылар оларға көшеде қуып жетіп, төбелесті жалғастырған, - деліген сот хабарламасында.

Іс бойынша 5 адам жәбірленуші деп танылды.

Ұрып-соғу салдарынан зардап шеккен 5 жәбірленушінің бірінің денсаулығына ауыр (мұрынның сынуы, мидың шайқалуы, ауыр бас-ми жарақаты, бет сүйектерінің сынуы), екі жәбірленушіге орташа ауыр (мұрын мен жақ сүйектерінің сынуы), қалған екеуіне жеңіл зиян (құлақ гематомасы, мұрынның көгеруі) келтірген. Төбелес барысында сотталушылардың бірі пышақ қолдануға тырысқан, - делінген хабарламада.

Айыпталушылардың бірінің бұрын да адамды ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Алайда соттаушылар өз кінәларын мойындаған жоқ. Жәбірленушілер оларды кешірмеген.

Прокурор соттан 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды сұрады. Нәтижесінде сот үкімімен айыпталушылар кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды: бес адамға 6,5 жыл, біреуіне 6 жыл, екіншісіне 6,5 жылға қоса, 15 күн бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Өйткені соңғысының өтелмеген жазасы болған.

Айыпталушылардан жәбірленушілер қорына 61 260 теңге өндірілді. Жәбірленушілердің талаптары жартылай қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама