×

Шымкентте оқушыны көлік қағып кетті

9 жасар бала оқиға орнында көз жұмды

 Динара Амантай 09.10.2023 | 16:40
Фото: polisia.kz

Шымкентте оқушыны көлік қағып кетіп, салдарынан жасөспірім оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 7 қазанда кешкі сағат 18:45 шамасында Арғынбеков көшесінің бойында BMW-530 автокөлігінің жүргізушісі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Салдарынан 9 жасар бала оқиға орнында қайтыс болды.

Істің мән-жайын анықтауға Шымкент қаласы ПД-ның анықтаушылары мен криминалистері барды. Жол-патрульдік полициясы қызметкерлері оқиға орнын қоршауға алды.

Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адам өліміне әкеп соққан бұзуы») бойынша тіркелді. Анықтаушылар қажетті сараптамаларды тағайындады. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта іс сотқа жолданады.

Полиция қызметкерлері қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін жол қозғалысына қатысушылардан жол ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама