×

Ауғанстанның Иранмен шекарасында 120-ға жуық адам қаза тапты

Тағы мыңнан астам әйел, бала мен қарттар жарақаттанған

 Еркеғали Болатұлы 08.10.2023 | 12:55
фото: news.sky.com

Ауғанстанның батысында Иранмен шекарада магнитудасы 6,3 болатын жер сілкінісі тіркелді. Табиғи апат салдарынан кемінде 120 адам қаза тапқан.

Алайда құрбандар саны артуы мүмкін. Өйткені тағы мыңдаған адам жарақат алған.

Жер сілкінісінің ошағы Герат қаласының батысында 40 шақырым жерде болған. Жерасты дүмпулері жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де басталған.

Көптеген ғимарат қирап, адамдар үйінді астында қалды. Тірі қалғандардың айтуынша, алдымен кеңсе ғимараттары теңселіп, артынша опырылып түскен.

Бүгінде біздің дерегімізше, мыңнан астам әйел, бала мен қарттар жарақаттанған және 120-ға жуық адам қаза тапты, - деді Ауғанстан жедел қызметтерінің өкілі Моса Ашари.

Расталмаған деректерге сәйкес, зілзаладан көз жұмғандар саны 300 адамнан асып кеткен. Желіде жарияланған кадрларда Герат қаласының Инджиль ауданында қирандылардың жолды жауып қалғаны, соның салдарынан құтқару жұмыстарының қиындағаны көрінеді.

Герат қаласы – Иранмен шекарада орналасқан, Ауғанстанның мәдени астанасы саналады. Дүниежүзілік банктің 2019 жылы келтірген дерегінше, провинцияда шамамен 1,9 млн адам тұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама