×

Елордада 8-қабаттан құлай жаздаған қыздың анасы болған жайтты айтып берді

Ол қызын қолына алған сәтте ғана есін жиған

 Еркеғали Болатұлы 16.05.2022 | 10:00
фото: ашық дереккөз

Елордада 8-қабаттан құлай жаздаған 3 жасар қыздың анасы алғаш рет көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Аты-жөнін атамауды жөн көрген ол Еуразия бірінші арнасына берген сұхбатында 11 мамыр күні қайда болғанын айтып, баласын құтқарып қалған жігіттерге алғыс білдірді.

Айтуынша, әйел қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Оның қатардан қалмауы үшін екі жұмыс істеп жүр екен.

11 мамыр мен үшін өмірімде естен кетпес күн болды. Балам балабақшаға бармайды, өзіммен бірге жұмысқа алып жүремін. Балабақшаға берейін десем, қазір бәрі қымбат. 70 мыңнан төмен емес. Дотациямен берейін десем, менің баламның кезегі келгенше мектепке баратын уақыты болады, - дейді қыздың анасы.

Оқиға болатын күні анасы алыс жолдан келгендіктен, қызының ұйқысын қимай, оны інісіне қалдырып кеткенін айтады. Бірақ оны да жұмысқа шақырып, бала үйде бірнеше минут бойы жалғыз қалған. Ол қызының 8-қабатта салбырап тұрғанын далада шулаған адамдардан білген.

«Далада қаншама адам, полиция шулап жатты. Не болды деп сұрап едім, 8-қабатта бір қыз тұр деді. Мен өз қызымды өліп қалды деп ойладым. Одан кейін не болғаны есімде жоқ», - дейді келіншек.

Содан ол қызын қолына алған сәтте ғана есін жиған. Белгілі болғандай, 3 жасар қыз оянып кетіп, анасын іздеген.

Кеткен кезде терезелерді жауып кеткенмін. Тіпті оянып қалса, терезеге шықпасын деп сақтанып, орындықтарды да балконға кіргізіп кеткенмін, - дейді анасы.

Айтуынша, қызы терезеге аяғының астына жұмсақ ойыншықтар мен жастығын қойып шыққан.

«Бұл жағдай өзіме өмір бойына сабақ болды», - дейді анасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама