×

Депутат цифрландыруды тежеп отырған әкімдерді атауды сұрады

Кейбір әкімдіктер жер туралы мәліметті жасырып отыр

 Дәурен Ерболат 04.10.2023 | 15:33
Бақытжан Базарбек, фото: parlam.kz

Депутат Бақытжан Базарбек Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен Қазақстанда цифрландыруды тежеп тұрған әкімдердің аттарын атауды сұрады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Оны талқылау барысында Бақытжан Базарбек министрдің орынбасарына сұрақ қойды.

Біз жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры базасын енгіздік, яғни жер саласында цифрландыруды жалғастырып жатырмыз. Оны Цифрлық даму министрлігі мен мемлекеттік корпорация іске асыруда. Кейбір облыс және қала әкімдіктерінің цифрландыруға кедергі жасап жатқаны байқалды. Олар кейбір ақпаратты бермей, уақытын созып келеді. Тіпті, кейбір ақпаратты жасырып отыр. Мендегі ақпарат бойынша бұл тізімге 7-8 облыстың әкімі кірді. Жалпы, осы өңірлердің әкімдерін нақты атаңыздар. Оларды тексеріп, жауапқа тарту керек. Облыс және қала әкімдерінің аты-жөнін атаңыздар, - деді депутат.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов бұл ақпаратты растады.

«Кейде жергілікті атқарушы органдар толық ақпаратты жібермейтін жағдайлар бар. Біз сауал жолдап, ақпаратты толықтырамыз. Біз өз құзыретіміз шегінде жазбаша жауап беруге дайынбыз», - деді ол.

Аталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыруды, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысын жетілдіруді көздейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама