×

Зейнетақы жинақтарын пайдалану мерзімі өзгерді

Бұған дейін қазақстандықтар 45 күн ішінде зейнетақы төлемдерін мақсатқа сай пайдаланғанын растауы керек болатын

 Халық үні 14.12.2021 | 16:15
көрнекі фото: tengrinews.kz

Бұдан былай біржолғы зейнетақы төлем қаражатын пайдалануға 20 жұмыс күні беріледі. Яғни, БЗТ арнайы шотқа түскеннен кейін, қаражаты 20 жұмыс күні ішінде мақсатына қарай пайдалануға болады. Бұл туралы «Отбасы банктің» баспасөз қызметінен хабарланды.

20 жұмыс күнін есептеу онлайн-платформада өтінім жіберген сәттен емес, БЗТ қаражаты салымшының арнайы шотына түскен сәттен бастап есептеледі.

Бұған дейін қазақстандықтар 45 күн ішінде зейнетақы төлемдерін мақсатқа сай пайдаланғанын растауы керек болатын.

«Отбасы банк» – тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесін жүзеге асыратын Қазақстандағы жалғыз оператор.

Бұған дейін банк төрайымы Ләззат Ибрагимова қазақстандықтардың зейнетақы жинағын 16 желтоқсаннан бастап «Отбасы банкіндегі» депозитке аудара алатыны туралы мәлімдеді.

2021 жылдың қаңтарында Қазақстандағы салымшыларға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге жұмсауға, сондай-ақ жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына беру мақсатында пайдалануға құқық берді.

3 желтоқсанда Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері 2022 жылы шамамен 1,8 есе өсетіні хабарланды. Мәселен, егер 2021 жылы 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, келесі жылдан бастап ол 5 060 000 теңгеге дейін өседі.

Салымшылардың көбі БЖЗҚ-ның бұл шешіміне наразы болып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама