×

Алматыда көзіне ота жасатқан әйелдер пластикалық хирургтың үстінен шағымданды

Ол отаға дейін тұтынушыларына ешқандай шағымы жоқ екенін және өтемақы талап етпейтінін жаздырып алады

 Еркеғали Болатұлы 29.09.2023 | 11:35
фото: дереккөз

Әлеуметтік желіде қыз-келіншектер алматылық пластикалық хирург Данияр Байбосыновтың жұмысына шағымданды. Айтуларынша, түріндегі кем-кетікті дұрыстаймын деп уәде еткен маман олардың көзіне одан сайын зақым келтірген. Олар отаға дейінгі және отадан кейінгі суреттерін бөлісіп жатыр.

Шағымданушылардың бірінің көзі жұмылмайтын болып қалса, екіншісінің көз пішіндері екі түрлі болып кеткен. Тағы бірінің ескі тыртығын қалыпқа келтіремін деп тереңдетіп жіберген. Бұл шағымдарға желіде Данияр Байбосыновтың өзі жауап берді.

Өкінішке қарай, пластикалық отадан кейін асқынулар болады және ол әрдайым дәрігерге байланысты емес. Себебі әр ағза – жеке дара. Отаға дейін де, кейін де маманның нұсқаулығын сақтаған жөн, – деді ол.

Stan.kz тілшісі пластикалық хирургпен байланысқа шығып, оқиға туралы пікірін және науқастардың жағдайын сұрап көрген. Ал ол шағымға қатысты сарапшының қорытындысын ұсынып, ақталған.

Қорытынды Өскемен қаласындағы «Клиника микрохирургии глаза» ЖШС маманынан алынған. Ол үш қорытындыны да Байбосыновтың пайдасына шығарып, қыздар айтқан шағымның отаға қатысы жоқ екенін көрсеткен.

Фотодағы пациенттерім – Қамажай мен Сәуле. Олар ота жасалғаннан екі күннен кейін арнайы пластырьды жұлып тастаған. Соның кесірінен көп мөлшерде қан кетті. Алғашында емге келіскенмен, кейін бас тартты, – деді Данияр Байбосынов.

Пластикалық хирург отаға дейін тұтынушыларына ешқандай шағымы жоқ екенін және өтемақы талап етпейтінін жаздырып алып, қол қойғызып, нотариалды куәландырады екен. Сол себепті ота салдарын заң тұрғысынан дәлелдеу қиынға соғады.

Бұдан бөлек, Данияр Байбосыновқа қатысты шағым бір жыл бұрын да көтерілген екен. Qazaqstan телеарнасында көркінен айырылған әйелдер дәрігерді жазалауды және өтемақы өндіруді талап еткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама