×

Тіркелмеген жануар үшін 10 АЕК айыппұл: Қазақстанда ит-мысықты тіркеуді міндеттейтін заң күшіне енді

Шымкентте иесі бар 100 000 ит тіркелген

 Айнұр Шошаева 28.09.2023 | 10:34
коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда үй жануарларын тіркемеген азаматтарға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Елімізде үйдегі ит-мысықтарды тіркеуді міндеттейтін заң күшіне енгеніне бір айға жуықтады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға сәйкес, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын міндетті тіркеу күшіне енді. Оған дейін үй жануарларын есепке алу қағидалары және есепке алуға жататын үй жануарларының тізбесі бекітілді. Соған сәйкес, жеке тұлғалардың үйінде, жануарларға арналған панажайлар, жануарларды уақытша ұстау пунктері, жануарларға арналған оңалту орталықтары мен зоологиялық питомниктердегі үй жануарлары міндетті есепке алынынуы керек. Ал иесі ауысқан жағдайда жануар базада міндетті түрде қайта есепке алынуға тиіс.

Айта кетейік, ит-мысықтарды есепке алу үй жануарларын есепке алу құралдарын пайдалана отырып, ақылы негізде жүргізіледі. Заңда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын иелері үшін бюджет қаражаты есебінен жүргізілетіні жазылған. Сондай-ақ оларды есепке алу «Tanba» ақпараттық сервисі арқылы жүргізіледі.

Бұдан бөлек, биыл 1 қыркүйектен бастап үй жануарларын тіркемегендер үшін әкімшілік жауапкершілік қолданысқа енгізілді. Мәселен, ит-мысықты тіркемегені немесе тіркеу нормасын бұзғаны үшін қазақстандықтарға айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері 10 АЕК (34 500 теңге), бір жыл ішінде қайталанса 20 АЕК (69 000 теңге).

Сонымен заңның күшіне енгеніне бір ай болды. Елде қанша ит-мысық бар, оның ішінде иесіз жануарлар қанша? Бюджеттен әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың жануарларын тіркеуге қанша қаржы бөлініп жатыр? Осы сұрақтардың жауабын алу үшін әкімдіктерге сауал жолдадық. Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мәліметінше, елордада 24 951 жануар (14 610 ит, 10 338 мысық) «Tanba» жүйесінде тіркелген, оның 9 646-сы қаңғыбас жануар (7 287 ит, 2 359 мысық).

Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын сәйкестендіруге бюджеттен 3 024 107 теңге бөлінді. Ол қаражатқа 1 600 жануарлар қамтылады, - делінген басқарма жауабында.

Сондай-ақ мекеме жыл басынан бері бюджеттен қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға 143 520 000 теңге, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды уақытша ұстауға 74 377 353 теңге бөлінгенін атап өтті. Қазір қалада жануарларға арналған 10 панажай жұмыс істейді, оның біреуі мемлекеттік, 9-ы жеке меншіктегі панажай.

Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы да сауалымызды жауапсыз қалдырмады.

«Ветеринариялық қызметі» МКК-ның мәліметі бойынша, қала аумағында иесі бар 100 000 ит пен 17 000 мысық тіркелген. Биыл жыл бері 16 858 бас қаңғыбас ит-мысық үлгілік қағидаларға сәйкес ауланған. Аулау жұмыстары жалғасып жатыр. Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын есепке алу үшін, жергілікті бюджеттен қаржы бөлуге өтінімдер берілді. Мәслихат сессиясын күтуде», - делінген жауапта.

Сонымен қатар 2023 жылы жергілікті бюджеттен қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жансыздандыруды ұйымдастыруға 47 860 000 теңге, оларды күтіп-ұстау үшін 81 783 000 теңге қаржы қарастырылғанын атап өтті.

Бұдан бөлек, Шымкентте ауланған иесіз ит-мысықтарды күтіп ұстау үшін, Абдуллабад елді мекенінде жануарларды уақытша ұстау орталығы мемлекет тарапынан жалға алынғаны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама