×

Ауылдағы пошташылар 30 мың теңге алып жүр – Мақсат Толықбай

Олардың жалақысын көтеруге қаржы қарастырылмаған

 Дәурен Ерболат 27.09.2023 | 16:37
Фото: kazbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай «Қазпошта» АҚ пошташыларының жалақысын көтеу керектігін айтып, ауылдағы қызметкерлер өте аз жалақы алатынынжеткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде «Қазпошта» АҚ – нарықтағы монополист.

«Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» демекші, бәсекелес те жоқ, ауыл мен аудандағы жалғыз монополист. Газет-журналдарға қатысты мәселе бар, көп жағдайда ауылдарға уақтылы жетпейді. Ақшасы төленген соң, келуі керек қой. Газетті жеткізу бойынша мемлекеттік тапсырма бар, субсидия беріп жатыр. Бірақ газет жеткізетін, поштада істейтін маман табу қиын», - деді депутат Мәжілістің комитет отырысында.

Ең өзекті мәселенің бірі – жалақының төмендігі.

Пошташылардың орташа жалақысы – 140-146 мың теңге. Еліміздің шығысына жаңа ғана хабарластым. Қанша аласыңдар десем, 30 мың аламыз дейді. Газет таратамыз, зейнетақы береміз, қосымша жеткізулер болады дейді. Бірақ айлығы – 30 мың теңге, ол шайлығына да жетпейді. Бірақ компанияның табысы 8 айда 58 млрд теңге деп айттыңыздар. Сол тапқан табыс қайда кетіп жатыр? «Самұрық-Қазынаға» ақшаны қайтарып бересіздер ме? - деді Мақсат Толықбай.

«Қазпошта» АҚ төрағасы Әсел Жанасова ауылдағы пошташылар күніне 2 сағат жұмыс істейтінін, жалақыны көтеруге қаржы жоқ екенін жеткізді.

Ауылдарда пошташылар бұйрық бойынша аптасына екі рет шығады. Біздің төлем сағатына төленеді. Барлығын таратып беріп, сол үшін ақшасын алады. 146 мың алатын қызметкерлер – 9-дан 6-ға дейін жұмыс істейтін адамдар. Ауылдарда пошташылар 2 сағат қана жұмыс істейді. Сол үшін жалақы осындай. Биыл жалақыны 25% көтеру үшін қосымша 2 млрд теңге керек. Ол ақшаны қайдан аламыз? Мемлекет бізге ол ақшаны бермейді. Сондықтан біз сервистерді дамытып, оны өзіміз табамыз, - деді төраға.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама