×

Таразда қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар тергеліп жатыр

2021 жылғы шілдеде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «The Finiko» жобасын ресми түрде қаржы пирамидасы деп таныған

 Динара Амантай 27.09.2023 | 10:48
Фото: Halyq Uni

Қаржылық мониторинг агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті «The Finiko» қаржы (инвестициялық) пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және басқару фактісін тергеп жатыр.

Өңірде қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар «Thefiniko.СОМ» бағдарламасы арқылы салымшыларды (инвесторларды) тартқан. Олардың қаражатына (крипто валютасына) әлемдік биржаларда ойдан шығарылған трейдингті іске асырып, кейін кірісті қатысушылар мен ұйымдастырушылар арасында бөлгені анықталды, – делінген ҚМА хабарламасында.

2021 жылғы шілдеде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «The Finiko» жобасын ресми түрде қаржы пирамидасы деп таныды. Қазір қылмыстық іс шеңберінде бірқатар тергеу амалдары мен тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданатын болады.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

«The Finiko» қаржы (инвестициялық) пирамидасының қызметінен зардап шеккен азаматтар Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласа алады. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағы 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама