×

Астанада «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабының тұсаукесері өтті

Кітап авторы – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі Абай Шарапиев

 Айгерім Таубай 26.09.2023 | 20:20
Фото: Halyq Uni

Астанада Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ерекше қасиеті туралы жазылған жаңа кітап жарық көрді. «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабының авторы – ойшыл, ғұлама ғалымның шөбересі Абай Шарапиев.

Кітаптың тұсаукесері мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына арналған дөңгелек үстел Ұлттық академиялық кітапханасында өтті. «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабы «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрді, деп хабарлайды Halyq Uni.

ЖЫРАУЛЫҚ ДӘСТҮРДІ ЖАЛҒАУШЫ ТҰЛҒА

«Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабының оқырманы ықыласына бөленетініне сенім білдірді.

Біртуар тұлға, ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімі әр қазақ үшін қастерлі. Биыл Мәшһүр Жүсіптің туғанына 165 жыл толып отыр. Осыған орай Altyn Qyran қоғамдық қоры Мәшһүр Жүсіптің шөбересі Абай Шарапиев ағамыздың кітабын басып шығаруға қолдау көрсетуді өзіне зор мәртебе санайды. Бұл мәшһүртануға үлес қосып, оқырмандар ықыласына ие болады деген үміттенеміз, - деді Исламбек Салжанов.

Сондай-ақ Исламбек Салжанов тарихи тұлғалардың ұлттық рухты көтерудегі орнына тоқталды.

Бұл – аса құнды еңбек. Себебі кітапқа ойшылды көзбен көрген адамдардан жазылып алынған деректер енгізілген. Ұлттық рухты оятуда осындай тарихи тұлғалардың рөлі өте зор. Біз осы мақсатта бірігіп жұмыс істеуіміз керек деген ойдамын. Қазақстан «Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деген сөз бар. Осы қатарға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын да қосуға болады. Мәшһүр Жүсіп Бұхар жыраудың мұрасын жинаған. Соның арқасында Бұхар жырау секілді ұлы тұлғаның шығармалары бізге жеткен. Мәшһүр Жүсіп – жыраулық дәстүрді жалғаушы тұлға, - деді «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы.

Исламбек Салжанов Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының егемендік, ағарту жолындағы еңбегіне де тоқталды.

«Мәшһүр Жүсіп 1907 жылы «Сары­ар­қаның кімдікі екендігі» деген кітап шығарған. Ол шығармада Патша үкіметінің қазақ жерін отарлауы туралы жазылған. Бұл кітапта Ресейден көшіп келіп жатқан адамдардың көптігі, мал жаятын жерлердің тарылуы, халық тұрмысының төмендеуі туралы баяндалады. Мәшһүр Жүсіп өз заманында қоғамдық-саяси істерге араласып, елінің егемендігі жолында қызмет еткен», - деді Исламбек Салжанов.

Айтуынша, Мәшһүр Жүсіп жаңару, ұлттық болмысты дамыту туралы да жазған. Ол егін егу, сауда, кәсіппен айналысу қажет екені туралы баса айтқан. Бұл ойлары қазір де өзекті. 

КІТАПҚА 23 ЖЫЛ ЖИНАЛҒАН ДЕРЕКТЕР ЕНДІ

Іс-шара барысында Абай Шарапиев кітапқа қандай деректер енгенін, Мәшһүр Жүсіп туралы мәліметті қалай жинағанын айтып берді.

«Кітапқа тексерілген дәл ақпараттар кірді. Себебі кейінгі жылдары Мәшһүр атамыз туралы ойдан шығарылған әңгімелер де жоқ емес. Сондықтан мәшһүртануда дәл және айқын, шынайы деректер айтылуға тиіс. Қазір Мәшһүр атамның халық ауыз әдебиетінен жинаған мұралары насихатталып, шығармалары жан-жағынан зерттеліп жатыр. Бірақ атамыздың әулиелігі, батагөйлігі, емшілік қасиеттері танымал болған жоқ. 2020 жылдан бастап атамды нақты көрген, батасын алған Жұқаш Кәрібайұлы ақсақалдың үйіне барып, атам туралы әңгімелерді сол кісінің өз аузынан жазып алып жүрдім», - деді Абай Шарапиев.

Айтуынша, бастапқыда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына қатысты ақпараттарға назар аудармаған. Зейнетке шыққан соң құнды мәліметтерді топтастырып, жинаққа енгізген.

Бұл жинаққа Мәшһүр атамыздың өмір жолы мен ерекше қасиеттерін көрген адамдардың естеліктері, қазір болып жатқан тылсым оқиғалар енгізілді. Мәшһүр бабамыз туралы біраз дерек топтастырылды, - деді Шарапиев.

Сондай-ақ «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабын басып шығаруға қолдау көрсеткен Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры мен қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжановқа алғыс айтты.

МӘШҺҮР ЖҮСІП ЕСКЕРТКІШІН ОРНАТУ ҰСЫНЫЛДЫ

Жиын барысында Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы бұған дейін Мәшһүр Жүсіптің 20 томдығы жарық көргенін, «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабының жарық көруін мәшһүртану саласындағы ерекше оқиға деп бағалады.

Мәшһүр Жүсіп бабамыздың есімін Тәуелсіздік жылдарына дейін есімін әлсін-әлсін естіп жүрсек, насихаттау мәселесі аз болып жүрген болса, 2001 жылы Павлодар қаласында үлкен мешіт ашылды. Мәшһүртану саласында жасалған үлкен жұмыстың бірі – 20 томдық еңбектің жарық көруі. 20 томдықта жоқ дүниелер Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлеміне байланысты басылып шыққан жаңа кітаптың ішінде бар. (...) Жалпы халықты Мәшһүрдің таңқалдыратын дүниесі – 73 жыл өмір сүріп, өмір бойы жаза берген дүниелерін қалдырғаны,  - деді Алтынбек Нухұлы.

Сондай-ақ сенатор жиын барысында бірнеше ұсыныс айтты.

«Мәшһүрді қазақ халқының мақтанышы ретінде Абайдан кем көрмеуіміз керек. Себебі екеуі замандас болды. Абайды қалай қадірлесек, Мәшһүрге де жасалатын дүние көп болуы керек. Астанада Мәшһүр Жүсіп атында небәрі 350 метрлік көше бар. Кішкентай ғана. Оны біреу біледі, біреу білмейді. Сондықтан Сенат депутаттары ретінде әкімшілікке арнайы хат жібердік. Қазір қарастырылып жатыр. Мәшһүр Бұхар жырауды қадірлеген. Жаңадан ашылатын көшенің Бұхар жырау көшесімен қиылысып жатқанын қалер едік. 2023 жылдың соңына дейін Мәшһүр атындағы кең даңғыл ашылады деп уәде беріп отыр. Сол көшенің бойында Мәшһүрдей ғұламаға үлкен ескерткіш ашылуы керек», - деді сенатор.

Жиын барысында «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабы Ұлттық академиялық кітапханасының ұжымына табысталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама