×

«Жұмыстың бәрі қажырлы еңбекті талап етеді»: қызметін ауылдан бастаған дәрігердің әңгімесі

Жұмаүгүл Ақшауованың осы салада еңбек етіп келе жатқанына 30 жылға жуықтап қалды

 Халық үні 24.09.2023 | 11:30
фото: Halyq Uni

Балалық арманына адалдығы Гиппократқа ант беруге ұласқан Жұмагүл Ысқаққызының гинекология саласында қызмет етіп, мыңдаған сәбидің аман-сау дүниеге келуіне себепші болып жүргеніне 30 жылға жуықтады.

«Кішкентайымда нағашым біз тұратын Бейнеу ауылына экспедициямен келіп жүргенде үлкен көліктердегі дәрі-дәрмек қобдишасымен ойнағанды жаным сүйетін. Нағашым да «жиенім дәрігер болады» деп қолпаштап қоятын. Содан болар «дәрігер боламын» деген оймен өстім.

Ол кезде халықтың медициналық сауаты төмен, ауылдарда білікті мамандар аз еді. Әкем дүниеден өткенде бұл олқылықтар отбасымызға қатты білінді. Мектепті аяқтаған соң Алматыдағы Медицина университетіне оқуға тапсырып, сол жылы түсе алмай ауылға қайттым. Келесі жылы, яғни 1987 жылы қайта бағымды сынап, жолым болып, Қарағанды медицина институтының студенті атандым. Маңғыстау облысы Бейнеу ауылындағы қазақ мектебін бітіріп келген мен үшін институттың алғашқы жылдары оңайға соқпады. Орысша терминдер былай тұрғанда, қарапайым сөйлем құрап, оны көпшілік алдында айтуға ұялатынбыз.

2-3 жылдай түн ұйқымызды төрт бөліп, басқа студенттерге қарағанда көп күш салуға тура келді. Шын мәнінде инемен құдық қазғандай болдық. Оқытушылардың қолдауы жақсы еді, біздің әлі-ақ жақсы дәрігер болып кететінімізді айтып, жігерлендіріп тұратын», - дейді дәрігер студенттік шағы туралы.

Оқуын сәтті аяқтағаннан кейін Жұмагүл Ысқаққызы туған жерге оралады. Интернатурадан Ақтау қаласында, кейін туған ауылы Бейнеуде өтеді. 1995 жылы тұрмыс құрғаннан кейін Ақтау қаласындағы Медициналық санитарлық бөлімшеде дәрігер-гинеколог болып қызмет жолын бастайды.

«Кеңес одағы ыдыраған тұста орыс мамандар Қазақстаннан көшіп жатты. Содан 1996 жылы Медициналық санитарлық бөлімшеге жұмысқа тұрдым. Бөлімшедегі білікті дәрігерлердің менің де маман болып қалыптасуыма көп көмегі тиді. Кезекшілікке қалған уақытымда әрқайсысы «бір жағдай болып қалса» деп нөмірін жазып беріп кететін.

Бір кезекшілікте 10-15 әйелді босандыратынбыз. Бұл, шыны керек, көп емес. Бәлкім сол кезде заман ауыр, жағдай қиын болғаннан шығар. Қазір перзентханаларда күніне 60-100 бала дүниеге келеді. Одан кейін 1998 жылы Облыстық перзентхананың гинекология бөлімінде кезекші дәрігер болып бір жыл қызмет еттім.

Тәуелсіздік алған жылдары дәрігерлер, әсіресе еңбек жолын енді бастаған дәрігерлер үшін ең ауыры аудан, ауылда жұмыс істеу еді. Институтта оқытушыларымыз да «Мансабын ауданнан бастаған дәрігер өз ісінің шеберіне айналады» деп айтып жататын. Мен 1999 жылы Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласындағы ауруханаға ауыстым. Аудандық ауруханада менен бөлек, хирург-дәрігер ғана болды. Шын мәнінде көп жағдайды бастан өткеріп, шыңдалдым. Түрлі ота жасауға тура келді. Ол кезде кеңестік дәрігерлер жас мамандарға білгенін үйретуге бейіл емес-ті, отаға кіргізсе де науқастың қанын сүртіп тұруға ғана рұқсат беретін. Сондықтан алғашқы аудандағы ең алғашқы отамды институттағы кітаптарымды оқып тұрып істегенім есімде. Мамандар тапшылығы – бөлек әңгіме. Ота жасасақ та анестезиолог дәрігер болмайтын. Жағдай қиындаса, құтқаратын маман табылмайды.

Одан бөлек, 2000-жылдары еліміз жоқшылықпен сыналды. Бұл біздің де жұмысымызға әсер етпей қоймады. Ауыр науқастарды, босануы қиын болады деген әйелдерді қалаға жіберейік десек, бензин таппай қалатынбыз. «Аурухана көлікпен қамтамасыз етеді, жанармай тауып берсеңіз болғаны» дейтін күндер де болды. Бір қызығы, түрлі жағдай туса да құдай сақтайтын. Салалық маман, тиісті құрал, дәрі-дәрмек болмаса да бір амалы табылып, бір жақсылық болатын, - дейді Жұмагүл Ысқаққызы.

2001 жылы Жұмагүл Ақшауова Ақтау қалалық №1 қалалық емханасында учаскелік гинеколог болып қызметін жалғастырады.

«Участоктың да өз қиындығы бар. Аяғы ауыр келіншекті 9 ай бойы бақылап, босануға дайындаймыз. Қандай да бір жағдай болмауы үшін тиісті анализдерді алып, уақтылы тексеріп отыру қажет. Дәл осы кезде Үкімет Ираннан қоныс аударған қандастарымызға Ақтау қаласындағы 8-шағын ауданнан үй беріп жатты. Сол аудан менің жауапкершілігімде болатын. Бұл кезеңді де қызмет жолымдағы ерекше кезең деп білемін. Өз қандасымыз болғанымен шетелден келгені білініп тұратын. Бізге үйреншікті анализдер тапсыру, ай сайын тексеріске келу оларға жат көрінетін. Үйлеріне барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тура келетін. Араларында көпбалалы аналар көп, оларға да ерекше күтім қажет. Сөйтіп, аталған емхананың патология, гинекология, күндізгі стационар бөлімдерінде 10 жылға жуық уақыт қызмет еттім.

2000 не 2001 жылы дәл 14 наурызда малшы ауылда әйел босанып жатыр деген хабар келді. Көпшілігі білетіндей, 14 наурызда Маңғыстау облысында үлкен той болады. Сол күні қалың қар жауып жатты. Содан көлікке отырып, малшы ауылды бетке алдық. Боранды күні ауылды табу қиынға соқты. Ақыры тауып, көрсеткен үйге жетсек, екі кемпір жүр екен. Жүзді алқымдаған енесі 80-ге жетіп қалған келіні екеуі құрылысы бітпеген қорада жолаушы әйелді босандырыпты. Сөйтсек, аяғы ауыр әйел айы-күні жақындаған соң өзі тұратын Таушық ауылынан аудандық ауруханаға бара жатқан жолда толғағы қысып, жол бойындағы малшы ауылдағы бірінші кезіккен үйге тоқтаған. Жүзге жетіп қалған кемпір шақалақты орап алып, пештің түбінде отыр екен, келіні жаңа босанған әйелдің қасында жүр. Қораның іші сұп-суық. Біз баланың жолдасын босандырып, нәресте мен ананы тексеріп, тиісті шараларды жасадық, - деп естелегін бөлісті дәрігер.

Қай мамандықтың болса да қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Мамандығын ауыстырып жатқандарды да жиі кезіктіреміз. Барлық жұмыс қажырлы еңбек, адал қызметті талап етеді. Ынта-ықыласпен істелген жұмыс жемісін бермей қоймас.

«Бүгінде талай азамат келіп «мені сіз босандырған екенсіз» дегенде мамандығымды дұрыс таңдағаным туралы ой беки түседі. Еңбектің наны тәтті, ал еңбегіңнің жемісін көру де ерекше бақыт», - деп түйіндеді сөзін Жұмагүл Ысқаққызы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама