×

Қырағы такси жүргізушісі алаяқтықтың алдын алды

80 жастағы зейнеткер алданып қала жаздаған

 Динара Амантай 16.09.2023 | 16:16
Фото: polisia.kz

Қостанай облысында полицейлер такси жүргізушісінің қырағылығының арқасында алаяқтықтың алдын алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 14 қыркүйекте Лисаков қаласында такси жүргізушісі Серік Нағашыбаевқа Лисаков қаласындағы бір мекенжайдан заттар салынған сөмкені алып, Рудныйға жеткізу қажет екенін айтқан әйелден өтініш түскен. Әйел жеткізу сомасын 8 мың теңге деп көрсеткен. Пакетті такси жүргізушісіне 80 жастағы зейнеткер берген. Ол қызының қиын жағдайға тап болғанын және тез арада заттарын жеткізу керектігін айтты. Серік Нағашыбаев мән-жайды күдікті деп танып, полицияға хабарласқан.

Анықталғандай, зейнеткер қылмыскерлердің өзі шақырған такси арқылы алаяқтарға 3 миллион теңге аудармақ болған. Полиция қызметкерлері Диас Рахметов пен Ерқанат Рахимов қызында бәрі жақсы екенін айтып, зейнеткерге ақшаны қайтарып берді.

Қазір полицейлер алаяқтық жасамақ болған адамдарды анықтау мақсатында жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Зейнеткердің қызы Елена Кононюк полиция қызметкерлері мен такси жүргізушісіне алғысын білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама