×

СҚО-да ауылдық округті басқаратын әйел мас күйде көлік айдаған

Шенеунік әйел Көкшетау қаласында мас күйде көлік рөліне отырған

 Еркеғали Болатұлы 14.09.2023 | 15:54
фото: Lada.kz

Солтүстік Қазақстан облысында мас халде көлік тізгіндеген ауылдық округ әкіміне қызметтік талаптарға толық сәйкессіздік туралы ескерту жасалды.

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Қырымбет ауылдық округінің әкімі Жанар Ысқақоваға қатысты тәртіптік іс қаралды. Шенеунікті жұмыстан тыс уақытта Көкшетау қаласы көшелерінің бірінде патрульдік полицейлер тоқтатқан. Тексеру кезінде әйелдің аздаған дәрежеде мас екені анықталды.

2023 жылдың 2 сәуірінде сағат 09:55 шамасында Жанар Ысқақова мас күйінде автокөлік жүргізген. Оның әкімшілік құқықбұзушылық жасаған кінәсі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған медициналық сараптама қорытындысымен, Ысқақованың алғашқы жауаптары және басқа да іс материалдарымен дәлелденген, - деді мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментіне қарасты бақылау басқармасының бас маманы Абзал Оразымбетов.

Жанар Ысқақова әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлікті басқару құқығынан айырылды.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің айтуынша, шенеуніктің әрекеті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске ғана емес, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне де қайшы келеді. Себебі бұл құжат азаматтардың алдында мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне анық нұқсан келтіретін әрекеттерге, қоғамға жат қылықтарға толық тыйым салуды көздейді.

Қазір Ысқақованың Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімінің 2023 жылғы 11 тамыздағы өкіміне сәйкес, ескерту түріндегі өтелмеген тәртіптік жазасы бар. Әкім ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түріндегі шешілмеген жазасы болған кезде елеулі құқықбұзушылық жасаса, ол үшін қызметтік талаптарға толық сәйкессіздігі немесе лауазымын төмендету туралы ескерту түріндегі жаза қолданылады, - деді Абзал Оразымбетов.

Бір жыл бұрын әкім болған Жанар Ысқақованың әрекеті өрескел құқықбұзушылық деп танылды. Кеңес мүшелері оған қызметтік талаптарға толық сәйкессіздік туралы ескертуді ұсынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама