×

«МӘМС-ке кірмейді»: Іштегі нәрестесі шетінеп кеткен ана дәрігерлерді кінәлап отыр

Оқиға Астанадағы №2 көпбейінді қалалық ауруханада болған

 Ая Өміртай 12.09.2023 | 12:46
Фото: zoon.kz

Астанада №2 көпбейінді қалалық ауруханада 6 айлық нәресте іште шетінеп кетті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сәбидің анасы қайғылы жағдайды аурухана дәрігерлерінің дер кезінде көмек көрсетпеуінен болды деп отыр. Бұл жайында Facebook әлеуметтік желісіне Айгүл Утегенова есімді қолданушы мән-жайды баяндап, пост жазған. Өзінің айтуынша, ол жүктілігінің 25-ші аптасында ауырып, 26 тамыз күні №2 көпбейінді қалалық ауруханасына жеткізілген. 

2023 жылы 28 тамызда УДЗ-ге (ультрадыбысты зерттеу – ред.) түстім, ұрықтың бәрі жақсы, дәрігер бәрі қалыпты, су аздығы 83% деп айтты. Перзентханаға түскенде 81% болған. 29 тамыз күні қан байқалды. Дәрігер нақты жауап бере алмады, ерте босану қаупі бар екенін айтты. 30 тамызға дейін ішімнің төменгі жағы тартып ауырғандықтан, мен емдеуші дәрігерге бардым. Олар аурудың себебін түсіндіріп бере алмады. Дәрігерлер маған ауруды өтірік ойлап тапқан сияқты кейіпте қарады, - деп жазды ол.

Ол ауру күшейе бастағанда емдеуші дәрігерге тексеруден өткізуді сұраған. Алайда дәрігерлер ауырсынуға шыдау қажеттігін айтқан. 

Дәрігерлер ауырсыну басылатынын айтты, УДЗ туралы мүлде сөз болған жоқ. 2023 жылдың 30 тамызына қараған түні ауырғандықтан дәрігер іштегі нәрестенің жүрегін тексеруді ұйғарды. Баламның жүрегі соғып тұрды. Содан біраз уақыттан кейін дәрігер мені перзентханаға ауыстыру туралы шешім қабылдады, бірақ ауыстыру туралы шешім 2 сағаттан астам уақытты алды. Мені перзентханаға әкелген кезде кезекші дәрігер нәрестенің жүрегін тыңдады, бірақ ешқандай дыбыс естімеді, содан кейін олар мені УДЗ-ге түсіруді ұйғарды. Тексеру қорытындысы бойынша, дәрігер плацентада қағанақ суы болмағандықтан нәресте құрсақта өлгенін айтты. Дәрігерлер өздерінің немқұрайлы әрекеттерімен баламды өлтірді. Олар қызымның жүрегі әлі соғып жатқанда және оған оттегі жетпей жатқанда жедел УДЗ жасап, мені тексере алар еді», - деп жазды автор. 

Пост авторының жазуынша, қосымша УДЗ-дың жасалмаған себебін босану бөлімінің меңгерушісі бұл қызметтің МӘМС-ке кірмейтіндігімен түсіндірген. 

Болған жағдайға байланысты Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ресми жауабында науқасқа толық тексеру жүргізілгенін атады.

А.Утегенованың жүктілігі экстрагенитальды патологиясы бар (2009 жылы өкпе туберкулезі, бауыр функциясының бұзылуынсыз бірнеше бауыр гемангиомасы, созылмалы қайталама панкреатит, созылмалы гастропатия), сондай-ақ вирустық аурумен және жүктіліктің 16 аптасы кезінде дене температурасының көтерілуімен байланысты "Орта дәрежелі ауырлықтағы ЖРВИ" диагнозымен терапевтен амбулаториялық ем қабылдаған. Ауруханада толық клиникалық-зертханалық тексеру жүргізілді. Алайда ағзаның жеке ерекшеліктеріне, сондай-ақ жүктіліктің қысқа кезеңінде болған вирустық ауруға байланысты (жүктілік түсік тастау қаупі фонында өтті), науқаста ұрық пен ұрық жолдасы қызметінің жеткіліксіздігімен, бұзылуы дамыды, бұл жүктіліктің қолайсыздығына әсер етті. Өкінішке қарай, жүктіліктің белгілі бір кезеңінде жатырішілік ұрықтың антенатальды өлімі қабылданған емге қарамастан, өздігінен жүреді, - делінген басқарманың ресми жауабында.

Басқарма жолдаған жауапта қазір науқас ауруханадан шығарылғандығы айтылған.

Гистологияның нәтижесі дайын емес, емхананың ішінде талдау жүргізілді, - делінген ресми жауапта.

Ал Денсаулық сақтау министрлігінің бапасөз қызметі болған жағдайға қатысты ресми сұрау жіберу керектігін және көрсетілген мерзім ішінде жауап беретіндігін атады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама