×

Алматыда екі жыл бойы туған қызын зорлаған ер адам сотталды

Ол 20 жылға бас бостандығынан айырылды

 Дастан Жұмабекұлы 11.09.2023 | 17:30
Фото: Halyq Uni

Алматыда екі жыл бойы өзінің туған қызын зорлап келген ер адамға қатысты сот үкімі шықты.

ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 4-бөлігімен тіркелген қылмыстық істі Алмалы аудандық полиция басқармасы тергеді.

Іс жүргізу материалдарында 1979 жылы туған М. есімді азамат 2021 жылдан бері 2009 жылы туған кәмелетке толмаған қызымен бірнеше рет жыныстық қатынасқа түсіп, моральдық зиянмен қоса, денсаулығына да зиян келтіргені анықталды. Екі жылдан кейін қыз бала бұл туралы анасына айтқан. Ал анасы өз кезегінде полицияға арызданды, – деп хабарлады Алмалы аудандық полиция басқармасы.

Басқарманың бастығы, полиция подполковнигі Олжас Шәріповтің айтуынша, М. есімді азамат ҚР ҚІЖК-нің 128-бабына сәйкес, дереу уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Содан кейін сот оны қамауға алуға санкция берді. Күдіктінің кінәсі бірқатар сараптамалық зерттеулермен, жәбірленуші қыздың түсініктемесімен және тергеу әрекеттерімен дәлелденді.

2023 жылғы 16 тамызда Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен М. есімді азамат ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама