×

Түркия президенті Түркістанда өтетін саммитке қатысады – СІМ

Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті 3 қарашада өтеді

 Дәурен Ерболат 11.09.2023 | 14:29
фото: СІМ баспасөз қызметі

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған биыл қараша айында Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитіне қатысады. Бұл туралы Астанаға келіссөз жүргізу үшін ресми сапармен келген Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан мен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің кездесуінде айтылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл 3 қарашаға жоспарланған Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық 10-саммитінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мырзаның сапарын ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізуге күш жұмылдыруға уағдаластық, - деді Мұрат Нұртілеу.

Түркі мемлекеттерінің ұйымы – түркі тілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым. Ұйымның негізін Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия – төрт мемлекет қалады. 2019 жылы Өзбекстан ұйымға толыққанды мүше ретінде қосылды. Мажарстан 2018 жылдан бастап, Түрікменстан 2021 жылдан ұйымға бақылаушы ел мәртебесімен қатысып келеді.

Түркі мемлекеттері ұйымының ІХ саммиті 2022 жылдың 11 қарашасында Самарқанд қаласында өтті. Самарқандта өткен саммит қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

  • Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің декларациясы;
  • Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру жөніндегі Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттама;
  • Түркі мемлекеттері ұйымы рәсімдерінің ережелерін қабылдау туралы шешім;
  • Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысын және оның орынбасарларын, сондай-ақ Түркі академиясының президенті мен вице-президентін тағайындау туралы шешім;
  • Түркі инвестициялық қорын құру туралы шешім.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама