×

Шетелде 7 жылдан аса уақыт жасырынған алаяқ ұсталды

Ол азаматтардың 26 мың 400 долларын иемденіп кеткен

 Динара Амантай 04.09.2023 | 09:32
Фото: polisia.kz

Шетелде 7 жылдан аса уақыт жасырынған алаяқ ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 2015 жылдың тамызында қалалық ішкі істер басқармасында Сайрам массиві тұрғынының арызы бойынша ірі мөлшерде жасалған алаяқтық дерегімен қылмыстық іс тіркелген. Қала тұрғынының айтуынша, оның танысы емдеу мекемелеріне 30 адамды жұмысқа орналастырамын деп уәде еткен. Алданып қалғанын білмей, таныстарына жұмысқа орналасуға көмектескісі келген әйел қаскүнем мен оның құрбандары арасында делдал болған. Осылайша, ер адам азаматтардың 26 мың 400 долларын иемденіп кеткен. Тергеу шаралары барысында күдіктінің бөтеннің сеніміне кіру арқылы ақша алып кеткенін куәгерлер де растады.

Кейінірек тағы бір арызданушы ер адамның алаяқтық әрекеттері туралы полицияға жүгініп, іс «Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық» бабына қайта сараланған. Тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, ұстауға бағытталған ауқымды жұмыстарды жүргізді. Жедел уәкілдер оның жүруі мүмкін барлық мекенжайларды тексерді. 60-қа жуық адам, оның ішінде туыстары, көршілері және оның орналасқан жері туралы хабардар болуы мүмкін адамдар сұралды. Алайда қабылданған шаралар оң нәтиже бермеді.

Өткен жылы бұл фактілерді тергеуді полиция қызметкері Асылжан Ирисметов қолға алған болатын. Қаратау аудандық полиция басқармасының тергеушісі жинақталған материалдарды зерделеп, сұрастыру мен іздеу жұмыстарын қайта жалғастырды. Халықаралық іздестіру нәтижесінде 49 жастағы құқық бұзушының қылмыстық қудалаудан Өзбекстан аумағында жасырынып жүргені анықталды. Желтоқсан айында ол Шымкентке депортацияланды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін, ұсталған азаматтың кінәсін растайтын барлық дәлелдемелерді қоса, қылмыстық істің 4 томы сотқа жолданды. Сот үкімімен ер адам 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама