×

Халықтың өмір сүру ұзақтығы: Астана өңірлер арасында көш бастап тұр

Қалада өлім-жітім 29,7 пайыз азайған

 Халық үні 29.08.2023 | 15:28
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының І жартыжылдық қорытындысы бойынша кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордада негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарған. Халықтың өмір сүру ұзақтығы бойынша елорда өңірлер арасында бірінші орында тұр. Қалада өлім-жітім 29,7 пайыз, жарақаттар, жазатайым оқиғалар мен уланулар 16,7 пайыз азайған.

Жиынға қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев қатысып, елордада денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту жұмысы атқарылып жатқанын атап өтті. 

Қазірдің өзінде елорда әкімдігі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Биыл медицинаның заманауи халықаралық талаптарына сәйкес келетін патологиялық-анатомиялық бюроның жаңа ғимараты пайдалануға беріледі. 10 медициналық ұйымды күрделі жөндеу мен №1 қалалық емхананы қайта жаңарту жұмысы аяқталып қалды. Жеке инвестициялар есебінен әрқайсысы бір ауысымда 500 адам қабылдайтын 2 емхана ашылады. 2 қалалық емхана мен №1 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының базасында балалар травматологиялық пунктін ашу жоспарланып отыр, - деді Ерлан Бекмурзаев.

Отырыста Денсаулық сақтау саласындағы сапа бойынша аккредиттеу орталығының өкілі Ботагөз Каупбаева бірқатар медициналық ұйымға аккредиттеуден өткені туралы тиісті құжатты тапсырды.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айнұр Төлеуова басқарма жұмысын қорытындылады. Ол баяндамасында науқастар тарапынан түсетін шағымдарға ерекше тоқталды. 

iKomek орталығының бірыңғай байланыс деректері бойынша денсаулық сақтау мәселелері жөнінде биыл 6 айда 14 мыңнан астам  өтініш түскен. Оның 53,4 пайызы шағымдарға тиесілі. Азаматтардан көбірек шағымдар түсетін медициналық ұйымдар басшыларының тәртіптік жауапкершілігі мәселесін қарастыру қажет деп санаймыз, - деді Айнұр Төлеуова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама