×

ІІМ басшысы мектептердің қауіпсіздік жүйесін тексерді

Министр бейнекамераларды толығымен полицияның қызметіне тапсырды

 Дастан Жұмабекұлы 30.08.2023 | 12:00
Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Шымкент қаласына барған жұмыс сапарында мектептердің қауіпсіздік жүйесін тексерді.

Ведомство басшысы қалалық полиция департаментінің ғимаратында орналасқан жедел басқару орталығында болып, білім ордаларындағы камералар мен дабыл түймелерін тексеріп көрді.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, осы жерде министр мектептердің бірімен байланысқа шықты. Байланысты аяқтаған соң, ол мектептердегі қауіпсіздік жүйесіне қатысты пікір білдірді.

Мектептер мемлекеттік, жеке меншік деп бөлінбей, толығымен жедел басқару орталығына шығарылуға тиіс. Бұл балалардың қауіпсіздігі үшін қажет. Полиция департаментінің басшысына бірінші кезекте осы жұмысты қолға алуды тапсырдым. Сонымен қатар оқу орындарының маңындағы жол инфрақұрылымын, жаяу жүргіншілер өткелінің бар-жоғын, мектеп автобустарының жағдайын тексеруге тапсырма бердім, – деді Марат Ахметжанов.

Қазір Шымкентте 246 мектеп бар. Оның 151-і – мемлекеттік. Ондағы бейнекамералар саны 2600-ден асады. Министр департаменттің жаңа басшысына оларды толығымен полицияның қызметіне беріп, осы бағыттағы жұмысты жетілдіруді тапсырды.

Сондай-ақ ведомство басшысы жеке құраммен кездесіп, полицияға жүктелген міндеттерді еске салды. Қызметкерлердің де, азаматтардың да тарапынан заңсыздық пен бассыздыққа жол берілмеу қажеттігін баса айтты. Жұмыс сапарының соңында Марат Ахметжанов министрліктің Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығына барды. Мұнда ол полицей болуды мақсат тұтып, әр өңірден біліктілігін арттыруға келген жас тыңдаушылармен кездесті. Орталықтың аумағында жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа арналған үй-жай мен алаң салынады. Мұнда ведомство басшысы жауынгерлерге жасалатын жобамен танысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама