×

Қызылорда мектептерінде 6 мыңға жуық балаға орын жетпейді

Облыста алты мектеп апатты жағдайда тұр

 Айгерім Таубай 28.11.2023 | 13:37
Фото: Halyq Uni

Қызылорда облысында 6 мектеп апатты жағдайда тұр. Тағы 6 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді, деп хабарлайды Halyq Uni.

АПАТТЫ ЖАҒДАЙДАҒЫ МЕКТЕПТЕР

Облыс әкімдігі 6 апатты жағдайдағы мектеп мәселесін шешу үшін жұмыстар қарқынды жүріп жатқанын мәлімдеді, алайда мәселе 2025 жылы толық шешіледі. Оған дейін Арал ауданы №248, Қазалы №94, Қармақшы №105, 108, Шиелі №45, №133 апатты жағдайда жұмыс істейді. Бұған дейін облыста 7 мектептің апатты жағдайда тұрғаны хабарланды.

Осы мәселені шешу үшін жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде салынатын 21 мектеп есебінен 4 апатты мектептің мәселесі шешімін табады. Олар: Қазалы №94, Қармақшы №105, 108, Шиелі №45 мектебі, - делінген білім басқармасының ресми сауалға берген жауабында.

Арал ауданы Тоқабай елдімекеніндегі апатты мектептің құрылысы жеке демеуші есебінен жүргізіліп жатыр. Демеуші мектеп салуға 500 млн теңге бөлген. Нысанның құрылысы биыл аяқталады.

«Шиелі ауданы Жансейіт елдімекеніндегі 100 орынға лайықталған мектептің құрылысын «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен қаржыландыруға ұсынылды. Нәтижесінде апатты мектептердің мәселесі 2025 жылы толық шешіледі деп жоспарланған», - делінген ақпаратта.

ҮШ АУЫСЫМДЫ 6 МЕКТЕП БАР

Қызылорда облысында үш ауысымда білім беретін 6 мектеп бар. Оның барлығы Қызылорда қаласында орналасқан. Қала мектептерінде 5 916 балаға орын жетпейді.

Қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептер:

  • Үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар Абай атындағы мектебі – 550 орын;
  • С. Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейі – 375 орын;
  • Ә. Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейі – 375 орын;
  • Т. Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі – 550 орын.

Бұл 4 мектептегі қосымша жаңа оқу жылы басталғанда пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Жаңа оқу жылы ішінде «Қызылорда-Жезқазған» трассасы бойындағы 600 орынға арналған мектеп ашылып, нәтижесінде 2 мектептің (№261, №280) жүктемесі азаяды, деп хабарлады әкімдік. Осылайша облыс бойынша 3 ауысымда білім беретін мектептердің мәселесі шешіледі.

ОБЛЫСТА МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОҚ

2023-2024 оқу жылында облыстағы мектептерге 17 296 бала 1-сыныпқа қабылданды. Оның ішінде ұлты қазақ емес 16 бала қазақ тілінде білім алады.

Оқушылардың компьютермен қамтылғанына қатысты да сауал жолдадық. Әкімдіктің хабарлауынша, 2018 жылы облыстағы компьютерлерді ауыстыру мақсатында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 8 096 компьютер жаңаланған. 2020 жылы Үкімет резервінен 4 802 планшет, 14 362 ноутбук, 3 706 компьютер сатып алынған. Қазір облыста бес оқушы бір компьютерді қолдана алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама