×

Антикор Жамбыл облысындағы білім саласы қызметкерлерін жұмыстан шығаруды ұсынды

Саладағы жемқорлық басқарма мен бөлім басшылары тарапынан тиісті бақылау жоқтығынан болған

 Динара Амантай 28.08.2023 | 12:34
Фото: СЖҚА Жамбыл обл. бойынша департаменті

Жамбыл облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия отырысында алдын алу шаралары мен парасаттылық құндылықтарын насихаттау бағыттары баяндалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Комиссия отырысында департамент басшылығы білім саласына жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы талдау нәтижелерін таныстырды.

Талдау нәтижесімен 130-дан астам бұзушылық анықталып, мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы 200,0 миллионнан аса теңге болды. Қазір анықталған фактілердің бәрін уәкілетті орган растау үшін аудиторлық тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы және прокуратура органының келісімінен кейін тиісті процессуалдық шешімдер қабылданады.

Бес ауданда жүргізілген талдау нәтижесі осы салада бұзушылықтар бар екенін және тәуекелдер негізінен бірнеше бағыт (заңсыз үстемақы тағайындау, мұғалімдердің аты-жөнін көрсете отырып, өздерінің есепшоттарына заңсыз жалақы аудару, бірнеше жерде тіркеліп, жұмыс істеу арқылы заңсыз еңбекақы алу, өз есепшоттарына ақша аудару) бойынша іске асырылғанын көрсетті.

Мұның барлығы осы салада басқарма мен бөлім басшылары тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығынан болып отыр.

Жалпы талдау жұмыстары республика көлемінде іске асырылып, осындай бұзушылықтар барлық өңірде анықталған болатын. Осыған байланысты жол картасы бекітіліп, соның 14 тармағы бойынша орталық орган, жергілікті атақарушы органдармен бірлесе іске асыру көзделген.

Комиссия отырысында департамент басшылығы құқықбұзушылыққа жол берген сала мамандарының жауапкершілігін қарауды (жұмыстан босатуға дейін) ұсынды. Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген фактілерін болдырмау мақсатында аудит қызметін тарта отырып, жылдың соңына дейін қалған аудандардың білім бөлімдерінде ішкі талдау жүргізу ұсынылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама