×

«Арман қалаға сапар» жобасы аясында елорданы алғаш рет көруге 30 бала келді

Бұл жобаның ұйымдастырылып отырғанына биыл 11 жыл болды

 Халық үні 26.08.2023 | 20:51
фото: Halyq Uni

«Altyn Qyran Foundation» қоры 11 жылдан бері ауыл балаларына арналған «Арман қалаға сапар» жобасын іске асырып келеді. Осы жоба аясында 2023 жылы елордаға ауылдардан 30 бала келді.

26 тамызда елордаға жоба аясында Ақтөбе облысынан 30 оқушы келді. Олардың ішінде Сарыбұлақ, Ақраб, Қаракемер, Жарық және т.б ауыл мектептерінің оқушылары бар. 

Оқушыларға жазғы демалыс ұйымдастыруға бағытталған жоба аясында балалар 3 күн бойы Астананың ең көрікті жерлерін аралайды деп жоспарланған. Сондай-ақ әр салада жетістікке жеткен еліміздің белгілі азаматтарымен кездесіп, сұқбаттасады.

Балалар әдеттегідей елордаға сапарын «Бәйтерек» монументінен бастайды. Сонымен қатар Red Bus туристік автобусымен қаланың көрікті жерлерін аралайды. Ailand ойын-сауық орталығы, Есіл өзенінің жағасы, «Хан Шатыр», «Мәңгілік Ел» қақпасы, ЭКСПО мен Ұлттық музейге барады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, «Арман қалаға сапар» жобасы асында он жыл ішінде ауылдың 300-ден астам баласы елордаға келу және аралау мүмкіндігіне ие болды. Олардың арасында республикалық және облыстық олимпиада жеңімпаздары, көпбалалы және толық емес отбасыдан шыққан балалар бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама