×

«Буллинг ешқашан тоқтамайды»: Психолог балалардың не себепті жәбір көрсететінін түсіндірді

Серікгүл Сәлидің айтуынша, буллингке ұшырағандар есейгенде де зардабын шегеді

 Бауыржан Мұқанов 25.08.2023 | 15:57

Буллинг мәселесі әрқашан бола береді, себебі бала психологиясы буллинг арқылы бірігіп, ұжым құрады, деді психолог Серікгүл Сәли Halyq Uni ютуб арнасындағы подкастта.

«Балалар өз орталарынан бір құрбан тауып алып, соны жәбірлеп, шеттету арқылы өзара бірігеді. Әсіресе, 6-7 сынып балаларының ұстаздары осыған жол бермеу үшін қырағылық танытуы керек. Бұл ер балалар арасында да, қыз балалар арасында да бар», - дейді психолог.

Серікгүл Сәлидің айтуынша, қазір қоғамда буллингке ұшырағандар өте көп.

Бұл мәселеге ата-аналар да, мұғалімдер де жеткілікті деңгейде назар аудармайды. Ары кетсе, «соны енді өзің жең» деп баланы проблемамен жалғыз тастап кетеді. Шын мәнінде, бұл әлгі баланы өзінің тетелестерінің ортасына тастап, талату деген сөз. Бұл баланың психикасының дамуын тежейді. Нәтижесінде, әлімжеттік көрген бала әлеуметте өз орнын табуында келеңсіздікке тап болады, - дейді Серікгүл Сәли.

Психологтың айтуынша, мәселені шешу үшін ересектер араласуы керек.

Мен осындан бір-екі жыл бұрын мектептерде сауалнама жүргіздім. Сонда байқағаным, буллинг мәселесін әрбір мектеп тәжірибе ретінде өзінше шешіп жатыр. Қай мектеп екенін айтпай-ақ қояйын, үш мектепте осы буллинг мәселесін шешуге балалардың өздерін араластыру қажет деген ұйғарымға келіп отыр. Мәселен, 6-сынып оқушыларының арасында буллинг болса, жәбірленушінің жоғары сыныпта оқитын аға-әпкесі немесе туысқандарын қатыстыра отырып, балалардың ортасындағы буллингті балалар арқылы шешіп жатқанын байқадым. Бұл өз нәтижесін де беріп жатыр. Алайда, әзірге оны жариялап, мәселенің шешімі ретінде ұсынуға әлі негіздемелері дайын емес секілді, - дейді психолог.

Сонымен қатар, психолог әлімжеттікке ұшыраған баланың психикасында қандай өзгерістер болатынын да атады. 

«Буллингке ұшыраған бала өзінің болмысын өзгерту үшін бетперде киіп, сол ортадан шығу үшін белгілі бір рөлге енеді, сол рөл оны жасанды тұрғыда өмірде жетістікке жеткізер, бірақ соңынан артқа тартатын ішінде көптеген сезімдері қалады», - дейді маман.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама