×

12 сағат бойы ота жасаған хирург: «Операциядан кейін орнымнан тұра алмай қалдым»

Мыңжылқы Бердіқожаев әріптестерінің арасында бір тәуліктен аса уақыт операция жасағандар да барын айтты

 Ая Өміртай 17.08.2023 | 17:04
Мыңжылқы Бердіқожаев, нейрохирург

Қазақстанда және елден тыс мемлекеттерде мыңдаған күрделі операция жасаған нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев өз тәжірибесіндегі ең ұзақ әрі күрделі операция туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Ең ұзақ операциям шамамен 12 сағатқа созылды. Бір қыз бала түсті, басында екі аневризма бар екен. Артериясын жауып, күретамырға қосымша тамыр тіктік. Бәрі сәтті аяқталды. Операциядан кейін белім қарысып, орнымнан тұра алмай қалдым, - дейді Президент іс басқармасы медициналық oрталығының хирургия жөніндегі директорының орынбасары Мыңжылқы Бердіқожаев.

Хирургтың айтуынша, әріптестерінің арасында бір тәуліктен аса уақыт операция жасағандар да бар.

«Операция столына ауыр жағдайда келетін науқастар болады. Ота жасап жатқан кезде жоспарды ауыстыруға тура келетін «форс-мажор» болуы да ықтимал. Осындай жағдайларда өте қиын болады. Мұндай операциялар екі-үш сағатқа созылса да, адамды қатты шаршатады. Бүкіл күш-қуатыңды сол екі-үш сағат ішінде жұмсап жіберуің мүмкін, - дейді нейрохирург.

Мыңжылқы Бердіқожаевтың айтуынша, дәрігерлердің отбасына да оңай емес. Көп уақытын жұмыста өткізеді, аяқ асты басқа қалаға ұшатын сәттері жиі кездеседі.

Отбасының түсінігі мол болуы дәрігерлер үшін ерекше маңызды, - дейді дәрігер.

Мыңжылқы Бердіқожаев – Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының түлегі, «Болашақ» бағдарламасымен Ресей әскери-медициналық академиясында (Санкт-Петербор) клиникалық тәжірибеден өткен. Коронавирус пандемиясы кезінде маман кеңесіне жүгінетіндер қатары артып, көпшілікке танылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама