×

Алаяқтар қазақстандықтардың жеке шоттарынан 104 млн теңге жымқырған

Ресейден арнайы келген дроппер ұсталды

 Динара Амантай 17.08.2023 | 15:04
Фото: polisia.kz

Алаяқтар қазақстандықтардың жеке шоттарынан 104 млн теңге жымқырған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақмола облысының полицейлері ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған дропперді ұстады. Алдын ала ақпарат бойынша күдіктінің еліміздің барлық өңіріндегі 25 интернет-алаяқтық ісіне қатысы бар, ал келтірген залал 104 миллион теңгеден асады.

Полиция қызметкерлері аталмыш алаяқтың көкшетаулық құрбанына қатысты ақпаратпен бөлісті. Екі күн бойы өтініш берушінің телефонына WhatsApp мессенджері арқылы белгісіз абоненттік нөмірлерден қоңыраулар түскен. Алаяқтар 64 жастағы ақмолалық тұрғынға өздерін Kaspi банк қызметкерлері ретінде таныстыра отырып, банктік шоттар туралы қажетті ақпаратты біліп, шотты бұзуға тырысып жатқанына барынша сендірген. Осылайша, қылмыскерлер заңсыз банктік операциялар жасау үшін қажетті ақпаратты алды. Келесі күні өтініш берушіге оның банктік шотын бұғаттау туралы хабарлама келіп түсті, ал мобильді қосымшаны тексеру кезінде ақмолалық Halyk bank-тегі депозиттік және карточкалық шоттан 11,8 млн теңге алынғанын және Kaspi bank шотынан 435 мың теңгенің жоғалып кеткенін білді. Жәбірленушінің айғақтары бойынша ол ешқандай хабарламалар, кодтар немесе жеке мәліметтер бермеген және олардың нұсқауларын орындамаған.

Ақмолалық киберполиция қылмыстық істі тергеу кезінде ұрланған миллион аударылған шоттардың бірінің иесінің жеке басын және орналасқан жерін анықтай алды. Жүргізілген жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларының нәтижесінде оралдық әріптестерінің көмегімен 24 жастағы дроппер ұсталды. Белгілі болғандай, ер адам ұрланған ақшаны қылмыстық желінің басқа мүшелеріне қолма-қол ақша беру және аудару үшін Қазақстанға Ресейден арнайы келген.

Қазір осы фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама