×

Павлодар облысында танысының басынан балтамен ұрған жігіт қамалған жоқ

Зардап шегушінің миы шетке және төмен ығысып кеткен

 Еркеғали Болатұлы 14.08.2023 | 16:25
фото: ашық дереккөз

Павлодар облысында 37 жастағы жігіт танысымен сөзге келіп, оны басынан балтамен ұрып жіберген. Қалалық №2 соты айыпталушыға қатысты үкім шығарды.

Ер адамдар арасындағы жанжал 2023 жылғы мамыр айында таңғы сағат 5-те болған. Екеуі бірге спирттік ішімдік ішіп, артынша сөз таластыра бастаған. Ақыры танысының сөзін ұнатпаған 37 жастағы жігіт қасындағы адамның басынан балтамен ұрып жіберген.

Қаракөл ауылындағы тұрғын үйлердің бірінің верандасында балтамен қаруланып, жанжалды одан әрі жалғастыру мақсатында, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді көздейтін қылмыстық ниетін іске асыра отырып, алдын ала дайындалған балтаны оң қолына алып, оны қылмыс қаруы ретінде пайдаланып, күшін жинақтай отырып, балтаның доғал бөлігімен өмірлік маңызды органға – жәбірленушінің басына бір рет соққы жасаған, салдарынан жәбірленуші есінен танып қалған, – деп көрсетілген Павлодар қаласы №2 сотының үкімінде.

Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зардап шегуші жабық бассүйек-ми жарақатын алып, бас миы шетке және төмен ығысып кеткен.

Сотта 37 жастағы жігіт өз кінәсін мойындап, сот оған 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама