Өскеменде 50 мыңға жуық бөтелке арақ-шарап тәркіленді

Қымбат Елтайқызы

Олар заңсыз сақталған

фото: Halyq Uni

Өскеменде 50 мыңға жуық бөтелке алкоголь өнімі заңсыз сақталған. Олар тәркіленді.

«Кезекті тексеру барысында Өскеменнің көтерме қоймаларының бірінде 49 000 бөтелкеден астам мөлшерде өндірушісі мен атауы әртүрлі арақ-шарап өнімдерін заңсыз сақтау фактісі анықталды (Qulan, «Пшеничная», «Хаома» арақтары, «Қазақстан», Sikvaruli, «Грузинский» коньяктары, «Алазанская долина», «Мускат», «Советское Шампанское» шараптары). «Этил спирті және алкоголь өнімінің өндірілуін әрі айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңға сәйкес, этил спирті мен алкоголь өнімін одан әрі көтерме және бөлшек саудада өткізу мақсатында сақтау лицензия негізінде жүзеге асуы тиіс», – дейді қаржы министрлігі.

Алынған арақ-шарап сынамалары сараптамаға жіберілді. Тексеру материалдары Шығыс Қазақстан облысының экономикалық тергеу департаментіне процессуалдық шешім қабылдау үшін тапсырылды.                 

Бұл – қысқа уақыт ішіндегі Өскеменде алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымының екінші жағдайы. Сәуірде тексеру барысында сақтау фактісі ғана емес, сонымен қатар арақ-шарап өнімдерін заңсыз түрде дайындау фактісі анықталған. Қазір алкоголь өнімдері нарығы субъектілерін тексеру іс-шаралары жалғасып жатыр, – делінген ақпаратта.

Түркістан облысында заңсыз арақ шығаратын екі цех анықталды. Қарағанды облысында контрафактілік алкоголь өнімдерін жасағандар ұсталды. Жамбыл облысында 25 млн теңгенің арағы тәркіленді.