×

Қызылорда прокуратурасы: ұйымдастырушылар іздеуде, бірақ ол Ризвановалар емес

Қызылордадағы атысқа тапсырыс берушілер туралы да еш мәлімет жоқ

 Ербол Тұрымбет 10.08.2023 | 16:34
Коллаж: Halyq Uni

Қызылордада былтыр көшеде болған атысқа қатысты облыстық прокуратура түсініктеме берді. Манап Көкенов көшесіндегі Қансейіт Мектепбаевтың үйіне қарулы топ шабуыл жасап, сол жерде 3 адам өліп, тағы бірнешеуі ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілген еді.

Аталған оқиға бойынша адам өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, адам ұрлау және қаруды қолдану қылмыстары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осы оқиғаға байланысты тергеу тобы құрылып, тергеу барысын прокуратура ерекше бақылауға алды және оның нәтижесінде қылмыстық оқиғаның мән-жайы толығымен нақтыланып, қылмысқа қатысы бар барлық тұлғалардың жеке бастары анықталды, – делінген облыстық порокуратураның ресми жауабында.

Тергеу нәтижесінде қылмыстық істі прокуратура сотқа жолдаған.

Сонымен қатар, құзырлы орган қылмысты ұйымдастырған тұлғалар туралы мәлімет анықталып, тергеуден жасырынуына байланысты оларға қатысты негізгі қылмыстық  істен іс құжаттары бөлектеніп, іздеу жарияланғанын хабарлады. Бірақ, тапсырыс берушілер туралы бір ауыз сөз жоқ.

Ал бүгінге дейін соттың үкімімен екі топтың мүшелері кінәлі деп танылып, адам өлтіргені және өлтіруге оқталғаны үшін 3 адам 16, 17 жылдан бас бостандығынан айырылған. Қалған азаматтарға қатысты жасаған қылмыстарына қарай түрлі мерзімдерге бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалған. Cот үкімі заңды күшіне еніп, сотталғандар жазаларын өтеп жатыр.

Бүгінде жоғарыда көрсетілген қылмыстарды ұйымдастырған тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 6,7,8-тармақтары, 24-бабы 3-бөлігі, 125-бабы 2-бөлігінің 1,8-тармақтарымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, – делінген ресми жауапта.

Одан артық дерек жариялай алмайды.

Айта кетейік, бұған дейін оқиға кейіпкері Қансейіт Мектепбаев Қызылорда облыстық прокуратурасының дұрыс жұмыс істемей жатқанын айтып берген. Оның сөзінше, Қызылордадағы «Сыбаға» базарының директоры Ләйлә Құрбанқызы Ризванова мен оның орынбасары әрі сол базардағы «Қорқыт» сауда үйінің директоры Зарина Ризванова Қансейітті өлтіруге тапсырыс берген. Ризвановаларға бұл істе Қанат Смағұлов көмекке келген. Сол үшін тапсырыс орындаушыларға жалпы көлемі 27 млн теңге төленген. Оны осы іс бойынша қамалған Арман Жұбаниязовтың куәлік ретінде баяндап бергенін, бұл сөзін растайтын айғақтар бар екенін мәлімдеген еді. Қанат Смағұлов қазір қамауға алынған. Ал облыстық прокуратураны Ризвановаларға қатысты осындай айғақтар бола тұра көз жұмып отыр деп айыптайды.

Алайда, қарсы тарап – Зарина Ризванова бұл айыптаудың жалған екенін, керісінше Қансейіт Мектепбаев орнын тартып алғысы кеп жүргенін айтты.

Бір қызығы, осы аталған кісілер облыста қайырымдылық белсенділігімен де көзге түскен. Мысалы, жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, 2020 жылдың тамызында кәсіпкер (!) Қанат Смағұлов 50 отбасыға көкөніс өнімін жеткізген. «Сыбаға» ЖШС директоры Ләйлә Ризванова 200 отбасыға көкөніс өнімін жеткізіп және «Достық» қонақ үйінде орналасқан медицина қызметкерлерін көкөніс өнімдерімен қамтамасыз еткен.

Коронавирус инфекциясының таралуы жалғасып жатқан ел үшін қиын уақытта үлкен қолдау көрсеткен сол кәсіпкерлерге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев рахметін айтқан.

Қансейіт Мектепбаев бұл істі қалай да соңына дейін жеткізуге бекініп, Ләйлә және Зарина Ризвановаларды қалайда қаматқысы келеді. Облыстық органдарға берген шағымы сәтсіз болған соң арнайы Астана қаласына келіп, Бас прокуратураға арызын қалдырып кетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама